28 қаз, 2019 сағат 09:59

«Көкжайлау» курортына бөлінген жер ұлттық парк құрамына қайтарылуы мүмкін

«Көкжайлау» тау шаңғысы курортына бөлінген жер телімдері Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамына қайтарылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысының жобасын жүзеге асыру аясында Алматы қаласының әкімдігі оның құрлысы үшін берілген аумақты қысқарту мәселесін қарастырып жатыр. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 8 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес, жобаны жүзеге асыру уақытша тоқтатылған. Жобаны жүзеге асырудан бас тартылған жағдайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысы үшін бұған дейін берілген жер қорын ұлттық парктің құрамына қайтаруды көздейтін ҚР Үкіметі қаулысының жобасына бастамашылық жасайды», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 3 сәуірінде Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы 5 жер учаскесі жалға беру үшін тендерге қойылғаны белгілі болды. Бұл жобаға қоғам тарапынан наразылық туындағаннан кейін Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Көкжайлау» курортының құрылысы кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.