26 там, 2020 сағат 18:52

Көктөбеде заңсыз ағаш кескен тұрғын оның орнына 1170 тал отырғызуға міндетті

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Көктөбе аумағында заңсыз ағаш кескен жер телімі иесінің жауапкершілікке тартылғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бақытжан Сағынтаев «Алматы» теларнасындағы Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, Медеу ауданында заңсыз ағаш кесу фактілерін тексеру нәтижесі белгілі болды. 

Бірнеше адам иелік ететін аумақта жасыл желекті заңсыз кесу фактісі анықталған. Оның біреуі 117 жасыл желекті заңсыз кескені үшін 15 АЕК (41 670 теңге) айыппұл төлейді. Сонымен қатар, оған абаттандыру ережесін бұзғаны үшін 50 АЕК (138 900 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Ол кескен ағашының орнына 1170 көшет отырғызуға міндетті. 

«Ағашты заңсыз кесу және жасыл желекке зиян келтіретін проблеманы жұртшылықты кеңінен тарта отырып шешеміз», - деп атап өтті Б. Сағынтаев. 

Сонымен қатар, заңсыз ағаш кескендерді, олардың түбіне, діңгегіне зиян келтіргендерді анықтайтын «Жасыл бақылау» жобасы қолға алынады және заңсыз әрекеттерге мониторинг жүргізіледі.