06 сәу, 2022 сағат 17:15

Көктемгі егіс проблемалары әлемдегі оқиғаларға байланысты туындап отыр - министр


Көктемгі егістік жұмыстарын сапалы әрі уақыты өткізу үшін Республикалық жедел штаб құрылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізді. Оның ішінде Мемлекет басшысының көктемгі егісті өткізуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дайындығын қайта тексеру қажеттілігі туралы тапсырмасынан кейін өңірлермен фермерлердің тікелей қатысуымен кеңес өткізілді. Әрине, проблемалар бар, бұл ең алдымен әлемдегі оқиғаларға байланысты. Сонымен қатар, әкімдіктер мен фермерлер егіс науқанын өткізуге дайындығын растады», - деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Ербол Қарашөкеевтің атап өтуінше, егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында республикалық жедел штаб құрылды. 

Оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары кірді.

«Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мыңнан астам трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар. Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендерін пайдалану дәнді дақылдар алаңдарының 70 пайызын себуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған техниканың дайындығы бүгінде шамамен 98 пайызды құрайды. Егіс жұмыстарын жаппай жүргізуді бастауға дайындық 100 пайызға қамтамасыз етіледі», - деді Ербол Қарашөкеев.