Фото: polisia.kz
Көкшетауда ұрланған автокөлік бейнебақылау камераларының көмегімен табылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға 14 сәуір күні тіркелген. Белгісіз адамдар жеке тұрғын үйдің ауласында тұрған ВАЗ-2114 автокөлігін ұрлап кеткен. Көлік иесі – егде жастағы азамат. Ол көлігінің жоғалғанын байқап, бірден полицияға жүгінген.
Хабарлама түскен бойда тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, жедел-іздестіру шараларын бастаған. Ұрланған көліктің ықтимал бағыты анықталып, ақпарат барлық патрульдік экипаждарға таратылды.
Полиция қызметкерлері оқиға орны маңындағы және күдіктілер жүруі мүмкін бағыттардағы бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият тексерді. Соның нәтижесінде көліктің қозғалыс бағыты нақтыланды.
Жедел шаралар барысында Көкшетау қаласының бір тұрғыны анықталып, оның іске қатысы тексеріліп жатыр. Ұрланған автокөлік тәркіленді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
