Фото: Аlmaty.tv
Маңғыстау облысында балабақша төңірегінде дау туып, оқиғаға байланысты тексеріс басталды. Әлеуметтік желіде Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылындағы «Жауқазын» балабақшасында түсірілген видео тарағаннан кейін, полиция мән-жайды анықтауға кірісті, деп хабарлайды Ult.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, видеодағы 6 жасар бала аталған балабақшаның тәрбиеленушісі емес. Ол сол күні анасының жұмыс орнында болған.
«Оқиғаға байланысты баланың анасына қатысты тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар, балабақша қызметіне қатысты да тексеріс жүргізу үшін уәкілетті органдарға ұсыныс жолданған. Ведомство мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін ата-аналардың бірі баланың агрессивті мінез-құлқына шағымданған. Оның айтуынша, бала топтар арасында еркін жүріп, өзге балаларға тиісіп, ұрып-соғып, қорқытып жүрген. Сондай-ақ әйел оның мекеме басшысының ұлы екенін алға тартқан.
Өтініш иесі жағдайды видеоға түсірмек болғанымен, балабақша аумағында түсірілім жасауға тыйым салынғаны себепті оған рұқсат берілмеген. Ал учаскелік инспектор бейнебақылау жазбаларына тек ресми өтініш негізінде ғана қол жеткізуге болатынын түсіндірген.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы бұл жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, 20 сәуірден бастап арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеріс басталады.
