Фото: grandevent.kz
Ақтау қаласында ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты жеке сипаттағы бейнематериалдың таралу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Видео WhatsApp мессенджері арқылы таралғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Осы жағдайдан кейін блогерлер құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Олардың айтуынша, жеке материалдың таралуына бұрын олармен жұмыс істеген мобилографтардың бірінің қатысы болуы мүмкін деген күдік бар.
Полицияның мәліметінше, өтініш түскен бойда жедел-іздестіру шаралары жүргізілген. Жәбірленушілермен тұрақты байланыс орнатылып, жағдай жан-жақты тексерілген.
Нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол – Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны екені хабарланды.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы — «Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және жеке өмір туралы мәліметтерді тұлғаның келісімінсіз заңсыз тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша айыппұл салудан бастап, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығын шектеу, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
