17 қар, 2020 сағат 14:15

Көкшетауда Мәжіліс депутаттығына үш кандидат бекітілді

Ақмола облысында пікірсайыс пен кандидаттарға дауыс беру қорытындысы бойынша Мәжіліске үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Партиялық тізімге үш қатысушы енді. Олар: аумақтық партия филиалының төрағасы, Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев, «Орленок» ЖШС директоры Павел Безвербный және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев. 

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс өткен аймақтық конференциясы кезіндегі пікірсайысқа барлығы 21 адам қатысты.

Сонымен бірге, партия мүшелері облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекітті. Ол 58 үміткерден тұрады. 

Тізімде көптеген жаңа есімдер бар, бұл фракция құрамындағы елеулі өзгерістерді білдіреді. Сабақтастық сақтала отырып, бекітілген партиялық тізім бойынша қазіргі депутаттардың 31,2 пайызы қайта сайлауға барады.

 

Әйелдер саны - 2,5 есе, 35 жасқа дейінгі жастар өкілі - 20,7 пайызға дейін өсті. Партиялық тізімге өткен үміткерлердің орташа жасы - 43 жас, сондықтан оның құрамы 12 жасқа дейін жасарды. 

Партиялық тізімнің 29,3 пайызы шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің үлесінде болса, 25,9 пайызын білім беру саласының өкілдері, 13,8 пайызын ауыл шаруашылығы және басқалары құрайды. 

Осылайша, облыстық мәслихаттың құрамы шамамен 70 пайызға жаңарады.