Фото: Ашық дереккөз
Көкшетауда қаңғыбас иттер 15 жастағы қызға шабуыл жасап, жарақаттады. Туа біткен жүрек ақауы бар жасөспірім колледжге бара жатқан жолда иттердің ортасында қалған, деп хабарлайды KТК арнасы.
Оқиға Застанционный елді мекенінде болған. Бірінші курс студентін бұралқы иттер колледж маңында қапқан. Қатты қорыққан қызға жедел жәрдем шақырылып, ол ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсетіп, құтырмаға қарсы екпе салған.
«Қызым иттерге тиіспеген, сабаққа бара жатқан жолда жанынан өтіп бара жатқан. Қазір үйде емделіп жатыр, аяғы ауырады. Біздің маңайда да қаңғыбас ит көп. Қала әкімдігі бұл мәселені шешсе екен», – дейді зардап шеккен қыздың әкесі Ержан Искуженов.
Ал ветеринария басқармасы оқиға орнына ит аулаушылар жіберілгенін хабарлады. Мамандардың айтуынша, жүрегінде ақауы бар адам үшін мұндай күйзеліс өте қауіпті.
