24 ақп, 2026 сағат 11:43

Көкшетауда 152 млн теңге субсидияны жымқырған кәсіпкерлер 6 жылға сотталды

Фото: Egemen.kz

Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне бөлінген мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу амалдары екі жыл бойы жалғасқан қылмыстық схеманың бетін ашты.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры А.С. Ефимкина мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы А.В. Маслов сүт өндірісін арзандатуға бағытталған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемденіп келген.

Қылмыстық жоспар бойынша, «Рассвет» шаруа қожалығында мәлімделген көлемде сүт өндіруге жететін мал басы болмаса да, құжат жүзінде бәрі «түгел» деп көрсетілген. Олар электрондық шот-фактуралар жүйесінде 3 млн кг-нан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған мәліметтер енгізген. Кейін осы «өтірік сүттен» сары май мен қатты ірімшік дайындалды деген жалған есептер негізінде мемлекеттен қомақты қаражат алып отырған.

Қылмыстық іс-әрекеттер салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 млн теңгені құрады.

Ұсталғандар ұрланған қаражаттың ізін жасыру үшін оны жылыстатумен де айналысқан. Ефимкина субсидияның бір бөлігін туысының депозиттік шотына аударып, кейін сол ақшаға мобильді ғимарат сатып алған. Бұл нысанды жалға беріп, қосымша табыс тауып келгені анықталды.

Тергеу барысында күдіктілердің қылмыстық жолмен тапқан мүлкіне жаппай тыйым салынды. Олардың ішінде 6 жер учаскесі, 4 пәтер, 11 автокөлік, өндірістік нысан мен мобильді ғимарат бар.

Сот шешімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина кінәлі деп танылып, әрқайсысы 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа алынған мобильді ғимарат мемлекет меншігіне тәркіленді.

Қалған мүлікке салынған тыйым мемлекетке келтірілген 152 млн теңге шығын толық өтелгенге дейін күшінде қалады. Үкім заңды күшіне енді.