С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғалым «Egemen Qazaqstan» газетінде шыққан ҚР Президентінің аталмыш мақаласын қызығушылықпен оқып шыққанын айтады.
«Абай қазақтың маңдайына біткен құбылыс. Президент мақаласында Абайды ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы ретінде атап өтті. Расында Абай қазақ әдеби тілін жаңа сатыға көтерді және оның қазақ поэзиясының дамуындағы жаңа белес екені даусыз. Мемлекет басшысы интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясының басында да Абай тұрғанына назар аударды. Расында да Абай қазақ ұлтының сақталуына, бірлігіне қызмет етті. «Бірің қазақ, бірің дос. Көрмесе істің бәрі бос» деген. Неге? Себебі, қазақ арасындағы мақтаншақтық, құр даңғазалық, күншілдік, жалқаулық дегендерге соққы берді. Өзі қазақ бола тұра, ұлты үшін сол қазақтардың жаман мінездерін сынап отырды. Мысалы:
Қалың елім Қазағым қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,
Жақсы менен жаманды айырмадық,
Бірі қан, бірі май болып екі ұртың», - деді ол.
Филология ғылымдарының докторы Абай жастардың ұстарасыз аузына түскен мұртын айта отырып, қазақтың бірін-бірі көре алмайтын күншілдігімен бірге, құр ғана ішіп-жегенге мәз болған, белбеу босатарлық мінезін өткір мінейді.
«Абай айтады: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақшылық» деген. Демек, Абай интеллектіні бірінші орынға қойып отыр. «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», деп тағы пысықтаған. Бұл сөз қазіргі қоғамдағы адамдарды, әсіресе, жастарды ойлантса керек. Ғылым, білім туралы Абайдың ойы мына бір «Білімі жуан мыңды, Білегі жуан бірді» жығады деген қазақтың мақалына үстеме ой қосады», - деді ғалым.
Оның атап өтуінше, «Толық» адам идеясын Абай құр ғана жалаң айтып отырған жоқ. Ол «толық» сөзінің мәні мен мағынасын түсініп барып айтып отыр.
Мәшһүр-Жүсіп «түгел» адам деп жазды. Бұл – қазақ ұлыларының негізгі иедеясы. Жетілген, білімі толық, ақылды, оқыған, көзі ашық қазақты көргісі келді. Болашаққа үміт артты. Қытайдың атақты философы Конфуций «қайырымдылықтың бес негізін» атап өткен. Егер де адам осы негізгі бес қайырымдылық принципін білсе, онда ол – дамыған, қайырымды және мінсіз мүсін екендігін айтады. Демек, Абай айтып отырған «толық» адам келбетін дайындап шығару, тәрбиелеп, оқыту – біздің басты міндетіміз. Қоғамның негізгі қозғаушы күші және тірегі де болашақта «толық» жастар болады. Абайдың бір шумақ өлеңдерін Абай жерінде Жидебайдың басында не Қарауылда, Қазақстанның әр қаласында 175 тасқа қашап жазып, саябақтарға және тағы басқа көрнекті, адамдар көп жүретін, жастар қыдыратын жерлерге қойдыру керек», - деді Айтмұхамет Тұрышев.