15 қар, 2016 сағат 14:41

Қоғамдық келісім – ел дамуының кепілі

Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ҚХА Қоғамдық кеңестерінің тәжірибесі, Парламент Мәжілісіндегі ҚХА депутаттық тобы жұмысының нәтижесі және басқа да мәселелер талқыланды.

Шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңге­рушісі Ералы Тоғжанов, Ресей Федерациясы Ұлттар ісі жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Игорь Баринов, Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҚХА, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ресейлік делегацияның мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан Ералы Тоғ­жанов ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің бүгінгі отырысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналатынын айта келіп, ұйымның халықтың бірлігі мен татулығын нығайту жолындағы бүгінгі қыз­метіне тоқталып өтті.

Бұдан кейін сөз кезегін алған ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қоғамдық кеңестердің негізгі міндетіне назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, бұл кеңестің негізгі міндеті – азаматтық қағи­дат­тар негізінде қазақстандық біре­гейлікті нығайту және дамыту мақсатында қоғам институттарын, саяси және үкіметтік емес ұйымдарды, басқа да бірлестіктерді жұмылдыру, сон­дай-ақ, «Мәңгілік Ел» жал­пыұлттық патриоттық идея­сын жүзеге асырудың және қазақстандық патриотизмді наси­хаттаудың тәсілдерін әзірлеу. Бұдан бөлек, Л.Прокопенко қазіргі таңда еліміз бойынша 2207 қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейтінін, оның 16-сы аймақтық, 40-ы қалалық, 172-сі аудандық, 1861-і ауылдық жерлерде, ал 118-і ірі кәсіпорындар жанынан құрыл­ғанын атап өтті.

Сонымен бірге, ол Ассамблея жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары не­гізінде жүргізіліп отырғанын сөз етті.

– Президент Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыру аясында Қоғамдық келісім кеңесін құру­ды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Ассамблеяның басты міндеті этносаралық келісімді сақтап қана қоймай, қоғамдық келісімді нығайтуға да үлес қосу керек, – деді Л.Прокопенко. Оның айтуын­ша, Президенттің Қоғамдық ке­лісім кеңесін құру туралы тап­сыр­масы Қазақстан халқы Ассам­блеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына да қо­сылған.

Отырыста депутаттар, ҚХА-ның өңірлерден келген мүше­лері сөз сөйлеп, ұйымның ел дамуын­дағы өркенді істерін кеңінен әңгімелеп берді. Мәселен, депутат Юрий Тимощенко ҚХА депу­таттық тобы бейбітшілік пен келі­сім жолында ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Бүгінде Қазақстан халқы Ассам­блеясы – этносаралық мәсе­ле­­лер жөніндегі институт қана емес, қоғамдық келісімнің басты құра­лы, – деді ол.

Отырыс барысында Ресей Федерациясы Ұлттар ісі жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Игорь Баринов сөз сөйлеп, Қазақстанда қоғамдық келісім мен татулықты арттыру бағытында атқа­рылып жатқан нәтижелі жұмыстардың көп екеніне тоқ­талды. Сонымен бірге, ол ұлт­ара­лық және қоғамдық келісім инс­титуттары туралы ойларын ортаға салды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»