17 қар, 2016 сағат 13:11

Қоғамдық бірлестіктерге сенім артылады

Оңтүстікте үкіметтік емес ұйымдардың VII Азаматтық форумы өтті. Ел ішінде күрмеуі шешіл­меген, мәнісі тарқатылмаған мәселелер көп. Оның барлығына үкіметтік құрылымдар араласа алмайды. Мұндайда үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі үлкен.

Осы форумға арнайы қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуында белсенді қоғамдық ұйымдар мен жекелеген бастамашыл азаматтардың үлесі мықты екендігін айтты.

– Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру мақ­са­тында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қа­былданып, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық деңгейлерде қоғамдық кеңестер құрылған. Осындай ұйым­дардың құрамына қоғамның түрлі саласының мүддесін білдіретін бірлестіктердің 80-ге жуық жетекшілері енгізілген. Бұл Ата заңымызда көрсетілген азаматтық қоғамды дамытуға деген мемлекеттің кезекті бір қадамы деуге болады, – деді Ж.Түймебаев.

Облыс басшысы өз сөзінде азаматтық қоғам­ды дамыту бағытында бірталай ұсы­ныс­тарын білдірді. Әлеуметтік жағынан қор­ғалмаған адамдардың тобы бар. Оспадар бі­реулердің тарапынан зорлық-зомбылыққа түскен, қорлық көрген нәзік жандылар мен жас балалардың проблемасы жиі айтылады. Олардың дауысы жоғарыға жете бермейді. Діни экстремизм мен терроризмге иығын беріп, адасып жүрген жастар тағы бар. Дін атын жамылып түрлі жиһадқа шақырып жүргендердің алды Ақтөбе облысындағы оқиғада бой көрсетті. Оңтүстік ондай індеттен аман деп қол қусырып қарап отыра беруге болмайды.

Мемлекет басшысының өзі үлкен мән беріп отырған мәселеге үкіметтік емес ұйымдар барынша мән беріп, жалған нанымның жетегінде жүргендердің көзін ашуға, оларды ел пайдасына жұмыс жасауға тарту керек. Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде жаттанды сүрлеуден шығып, жаңаша жұмыс жолдарын іздестіру, бір мақсат, бір мүддеге қызмет жасауға тәрбиелеу керек.

Қоғамдық саяси-тұрақтылықты сақтап, мемлекеттің алға қарай дамуына тың серпін жасауға септесу қоғамдық ұйымдардың қолынан келеді. Форумда сөз алғандар әңгімесінің арнасы осы бағытта тоғысып жатты.

Үкіметтік емес ұйымдар үлкен күш. Осыған байланысты облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша бастапқыда бір ғана облыстық басқарма жұмыс істесе, бүгінгі күнде үкіметтік емес ұйымдармен аудан, қала әкімдіктерімен қатар, бес облыстық басқарма қызмет етіп келеді.

Форум соңында белсенді үкіметтік емес ұйым мүшелері марапатталып, әлеуметтік идея­лар мен жобалар жәрмеңкесінің жеңімпаздары лайықты бағасын алды.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік қазақстан облысы