Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен қазақстандық татулық пен келісім үлгісін ілгерілету бойынша өңірлік семинар өтті.
Оның көздеген мақсаты – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және Ассамблеяның «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыру. Бұған дейін Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында өтіп, Маңғыстау өңірінде жалғасын тапқан семинарға мемлекеттік қызметкерлермен бірге, БАҚ өкілдері, этно-мәдени және діни бірлестіктердің, түрлі қоғамдық ұйымдардың, Ассамблея жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» кеңестері мен Аналар кеңестерінің өкілдері қатысты.
– Семинар аясында әрбір өңірдің этнодемографиялық, мәдени, менталитеттік, шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік дамуындағы ерекшеліктерді ескере отырып, тақырыптарды өңірдегі өзекті деген мәселелерге бағыттап қоямыз. Жалпы, семинарда қоғамдық келісімді қамтамасыз ету тетіктері, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды, көші-қон үдерістерін реттеу мәселелері, сондай-ақ діни экстремизммен, терроризммен күрес, олардың алдын алу тақырыптары, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, ауылдық елді мекендерді дамыту мәселелері және «Мәңгілік Ел» идеясын ұғындыру тақырыптары қамтылуда, дейді Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Т.Жақиянов.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдері мен ғалымдар дәріс беретін семинарда өңірлердің ерекшеліктерімен бірге проблемалары да талданып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Инвестициялық тартымдылығы жоғары, отандық және шетелдік компаниялар көптеп қызмет ететін Маңғыстау өңірінде сұранысқа ие еңбек қатынастарын реттеуге қатысты дәрістерді Ассамблея жанынан құрылған медиация институты медиаторлары оқып, медиативтік технологияның әдіс-тәсілдерін, қағидаларын үйретті. Семинар қорытындысында өңірдің мәселелері пен проблемалары анықталып, оларды шешу жолдары іздестіріліп, Президент Әкімшілігіне хат жолданды. Осылайша, семинар нәтижесінде анықталған істі жоғары деңгейде шешу мүмкіндігі бар.
Лекторлар мазмұнды да қызықты дәрістерін жастар саясаты орталығында, оқу орындарында оқып, Жаңаөзен қаласы активімен кездесу өткізді. Бір апта бойы Маңғыстау өңірінде болған олар сарапшылар мен жастар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен жалпы қоғамдық жағдайын зерделей түсті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы