Судьялардың VII съезі қарсаңында Азаматтық процестік кодекстің комментарийін таныстыру рәсімі өтті. Оған Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Әлия Рақышева, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, шетелдік ұйымдардың өкілдері, судьялар мен құқықтанушы-ғалымдар қатысты. Жиынға Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми жетекшілік етті.
Заң саласында істейтін мамандардың мәліметінше, жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін шығарылған сот актілеріне жүргізілген талдау азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен қалпына келтіруде өзінің зор тиімділігін көрсеткен. Егер де сот төрелігінің ескі жүйесінде істердің жекелеген санаттары бір жарым жылға дейін қаралса, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін табуда. Азаматтық істердің 82 пайыздан астамы бір сот отырысында, ал 58 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралады. Дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып аяқталған істердің саны 70 пайызға артса, медиация әдісімен қаралған істер саны 3 есеге көбейген. Сондай-ақ, «Сот кабинеті» сервисі арқылы ағымдағы жылы 600 мыңнан астам электронды құжат айналымы жүргізілген. Сонымен қатар, отырыста осы күнге дейін еліміздегі барлық сот отырысы залдары аудио-бейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жарақтандырылғаны да айтылды. Бұл сот төрелігінің айқындығын арттырудың тікелей шаралары және Ұлт жоспарындағы 20-қадамның іс жүзінде орындалғанын көрсетеді.
Жуырда ғана сот процесіне қатысушылар арасында Жоғарғы сот жүргізген онлайн-сауалдама қорытындысы бойынша респонденттердің 74,4%-ы соттар жұмысының сапасына қанағаттанатындығын айтқан болса, сауалдамаға барлығы 16,5 мың адам қатысқан еді. Осы тұрғыдан алғанда Азаматтық процестік кодекс комментарийінің мән-маңызы зор деген сөз. Сондықтан да бұл қазіргі таңда өте өзекті құжат болып табылады.
Азаматтық процестік кодекс комментарийін таныстыра келе, Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева аталған құжат судьялар мен тәжірибедегі заңгерлер үшін нақты әдістемелік құрал болатындығын, оларға сот төрелігін жүзеге асырудың әр алуан түйткілді мәселелері бойынша дұрыс бағыт таңдауға, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүддесін тиімді қорғауға көмектесетіндігін атап өтті.
Ал Сенат депутаты Серік Ақылбай өз сөзінде жаңа Азаматтық процестік кодексті әзірлеу 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын және республика судьяларының VI съезінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау шеңберінде жүргізілгенін айтты. Басқа да қатысушылар оң пікірлерін білдірді.
Іс-шара соңында кездесуге қатысушылар ұсынылып отырған құрал кодекстің барлық негізгі жаңашылдықтарын неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік беретінін, отандық құқықтық тәжірибені әлемдегі үздік стандарттарға сәйкестендіретінін атап өтті.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»