06 қыр, 2017 сағат 13:04

ҚМДБ: Жәннатта әр еркекке 4900 әйел беріледі деген сөздің негізі жоқ (Видео)

Әлеуметтік желіде Сманов Абдулаxад Әбдісаттарұлының «Жәннаттағы хор қыздары» туралы уағызы пікір-талас тудырған болатын. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Мүфтияттың мәлімдемесінде былай делінген:

  • Біріншіден, Абдулаxад Əбдісаттарұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері де, мешіт имамы да емес. Аталған тұлғаның ҚМДБ жолдамасымен шетелде оқып жүр деген ақпарат орынсыз. Оған ешқандай жолдама берілген емес.
  • Екіншіден, айтылған уағыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы мен көзқарасын білдірмейді.
  • Үшіншіден, жәннатта әр еркекке 4900 әйел беріледі деген сөздің негізі жоқ. Бұл жөнінде сахих хадистер келмеген.

Имам Бухаридың сахих жинағындағы Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте «әрбір жәннат иесіне екі хор қызы беріледі» делінген (Ибн Хажар әл-Асқалани. Фәтху әл-Бәри шарху сахихи әл-Бухари. «Жаратылыстың басталуы» кітабы, «Жәннаттың сипаты және оның жаратылғандығы туралы» бабы, №3245. – Бейрут: әл-Мактабәту әл-асрия, 2007. – Т.5. – 3833 б.). Алайда, бұл хадисте бірнеше әйел алса жәннат иесіне тиесілі қор қыздарының саны артады деген мағына шықпайды. Оны Абдулахад Əбдісаттарұлының өзі бұрмалаған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағатын кез келген, әсіресе түрлі əлеуметтік желілердегі қисынсыз, бейресми діни мағлұматтарға ден қоймауға, қандай да бір діни сауал туындаса, мүмкіндігінше мешіт имамдарынан келіп жөн сұрауға, ғаламтордағы діни мәліметті ҚМДБ-ға қарасты сайттар мен әлеуметтік желілерден ғана алуға шақырады.

ҚМДБ жеке тұлғалардың əлеуметтік желілердегі парақшасында жариялаған аудио жəне бейнежазбаларына бақылау жасауына ҚМДБ-ның құқықтық өкілеттігі жоқ екенін мәлімдейді.

Сондай-ақ, діни басқарма қоғамдағы діни мәселелер бойынша пәтуа шығаратын ресми мекеме тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі мен Шариғат және пәтуа бөлімі екенін тағы бір рет ескертеді.

Естеріңізде болса, бұған дейін Әбдіғаппар Смановтың кредит жайлы уағызы да әлеуметтік желі қолданушыларының пікір-таласын тудырған болатын. Оған да мүфтияттің ресми өкілі жауап қатқан еді.