24 нау, 2022 сағат 12:35

Клинтон әкімшілігі тұсында мемлекеттік хатшы болған Мадлен Олбрайт дүниеден өтті


АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтон әкімшілігі тұсында мемлекеттік хатшы болған Мадлен Олбрайт 85 жасында дүниеден озды. Бұл жөнінде 23 наурызда марқұмның отбасы хабарлады, деп жазады Азаттық.

Мадлен Олбрайт 1937 жылы 15 мамырда Прагада Чехословакияның Белградтағы елшілігінде қызмет істеген Йозеф Корбел отбасында дүниеге келген. 1939 жылы Чехословакия жаулап алынғаннан кейін отбасы Лондонға көшкен.

Соғыс аяқталғаннан кейін Корбел отбасымен бірге Чехословакияға оралған. Алайда билікке коммунистер келгеннен кейін АҚШ-қа қоныс аударған. 1957 жылы Мадлен Олбрайт Америка азаматтығын алды. Екі жылдан соң Уэллслидегі әйелдер колледжінің бакалавр дәрежесіне ие болды. 

1997 жылы Олбрайт АҚШ мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалған алғашқы әйел атанды. 

1992 жылы ол Билл Клинтонның кеңесшісі болған. Клинтон президент болып тағайындалғаннан кейін АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болды. 

Олбрайт НАТО-ны ұлғайтуды қолдап, 1999 жылы әскери одақтың Югославиядағы жағдайға араласуын құптады. Балқандағы "Одақ күші" әскери операциясы соның бір нәтижесі болды. Жарылыстан бірнеше мың адам қаза болды. 

Орыс тілінде жазатын интернет қолданушылар арасында "Сібір байлығының бір ғана елге тиесілі болуы әділетсіздік" деген сөздің Олбрайтқа тиесілі екені жиі айтылады. Бірақ бұрынғы мемлекеттік хатшының өзі 2015 жылы мұны жоққа шығарған. New York Times басылымының жазуынша, Олбрайттың мұны айтқанына дәлел жоқ. Соған қарамастан Кремль мұны жиі пайдаланады. 2021 жылы мамырда Ресей президенті Владимир Путин "Олбрайт айтты" дейтін ойдан шығарылған "қанатты сөзге" сүйенген. 

Ресейдің Украинаға басып кіруіне бір күн қалғанда New York Times бұрынғы мемлекеттік хатшының "Кремль көрші мемлекетке басып кірсе, Мәскеу тарихи қателікке ұрынады" деген сөзін басты.