15 қаң, 2019 сағат 12:40

ҚХР төрағасы Қазақстанға ресми сапармен келуі мүмкін – елші

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келуі мүмкін. Бұл туралы ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Елші «Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапармен келуі және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға баруы мүмкін бе» деген сұраққа жауап берді.

«Қазір бұл сұрақтар екі елдің Сыртқы істер министрліктерінің күн тәртібінде талқыланып жатыр. Келуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын», - деді дипломат.

Айтуынша, Астана мен Бейжіңде екі елдің мәдени орталықтарын ашу туралы ұсыныс Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жолданған.

«Биыл екіжақты қарым-қатынастағы саясатымызды осыған дейінгі қалыптасқан достығымызды нығайтуға бағыттаймыз. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз. Бүгінде қарыштап дамып келе жатқан экономикалық байланысымызды, мәдени-гуманитарлық саламызды әрі қарай жетілдіреміз. Тағы қазіргі мақсаттарымның бірі – Астанада қытай мәдени орталығын және Пекинде қазақ мәдени орталығын ашу. Мәдени орталықты тездетіп ашу – мен үшін күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіндегі әріптестерімізге ұсынысымызды жеткіздік. Қазір ведомство ұсынысты қарастырып жатыр», - деді Чжан Сяо.

Еске салайық, осыған дейін Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо «Қытайдың Қазақстанды жаулайтын геосаяси жоспары жоқ» деген еді.

Биыл Қытай жаңа жылы 2 ақпанда басталады. Осы айрықша күнге орай Қытай Халық Республикасының елшілігі мен Қазақстанның Ұлттық музейі бірлесе «Көктем мерекесі» фотокөрмесін ұйымдастырды.