21 қыр, 2021 сағат 22:00

ҚХЛ: «Барыс» ЦСКА командасына овертаймда есе жіберді


Бүгін астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

14 қыркүйекте Мәскеуде өткен ойында елордалық клуб қарсыласынан 6:3 есебімен басым түскен болатын. 

Бүгінгі кездесуде екі команда шабуылға жиі шықты. Нәтижесінде 11-минута елордалық Никита Михайлис мергендік танытты. 

Екінші кезеңде екі команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Дегенмен бұл сәтте хоккейшілер дәлдік көрсете алған жоқ. 

Ойынның 54-минутында ресейлік клубтан Константин Окулов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қазақстандық команда хоккейшілері де алға қарай ұмтылды. 

Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Константин Окулов жеңіс шайбасын соғып кетті. Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен жол берді. 

Енді «Барыс» екі ойынын елордада өткізеді. Алдымен 25 қыркүйекте Ресейдің «Сибирь» (Новосібір), 27 қыркүйекте «Автомобилист» (Екатеринбург) командаларымен шеберлік байқасады.