29 жел, 2021 сағат 22:22

ҚХЛ: «Барыс» «Салават Юлаев» командасына есе жіберді


Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынын «Барыс» өз айдынында «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші кезеңде қонақтардан Сергей Шмелев 13 минутта мергендігімен көзге түсті. 

Екінші тайм басында Линден Вей сан басымдылығын пайдаланып, таразы басын теңестіргенімен, көп ұзамай С.Шмелев жеңіс голын соғып кетті – 2:1.

Үшінші кезеңде айдын иелері қанша тырысып баққанмен, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша Юрий Михайлистің шәкірттері жылдың соңғы матчында жеңіліс тапты. Елордалықтар 42 ұпаймен Шығыс конференциясында бұрынғысынша сегізінші орында келеді.

«Барыс» келесі ойынын 3 қаңтар күні өз айдынында «Динамо» (Рига) командасымен өткізеді. Ригалықтар 35 ұпаймен Батыс конференциясында көш соңында тұр.