19 мам, 2026 сағат 13:58

«Кітап керуен – Ақтау»: қаламгерлер мен оқырмандарды тоғыстырған шара


Фото: Ақтау қаласы әкімдігі
Ақтау қаласында тұңғыш рет өткен «Кітап керуен – Ақтау» жәрмеңкесі кітапсүйер қауымның ерекше ықыласына бөленді, деп хабарлайды Ult.kz.

Кітап жәрмеңкесі Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облыстық Қабиболла Сыдиықұлы атындағы әмбебап кітапханада және Каспий теңізінің жағалауында ұйымдастырылды.

Мерекелік шараның алғашқы рәсімі қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатты шараның лентасын Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова қиды.

Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов шара барысында құттықтау сөз сөйлеп, мұндай кітап жәрмеңкесінің ерекшелігіне тоқталды. Сонымен қатар кітап оқитын ұлт қалыптастырудың маңызы мен рухани құндылықтар жайында пікір білдірді.


Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Тұңғыш рет ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесіне еліміздің әдебиет және мәдениет саласындағы белгілі тұлғалары қатысты. Атап айтқанда, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Оңайгүл Тұржан, ақын, ҚР Жазушылар одағы Маңғыстау филиалының төрайымы Анар Шамшадинова, ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлайым Дәуітбаева, жазушы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Бақытгүл Сәрмекова, жазушы, ҚР Мәдениет және ақпарат саласының үздігі Қанат Тілеухан, ақын-жазушы Ақберен Елгезек, ақын-драматург Ұларбек Нұрғалым сынды қаламгерлер арнайы келді.


Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Бұдан бөлек, жәрмеңкеге елімізге танымал баспалар да қатысты. Олардың қатарында:

Qasymkitap
Steppe&World
«Абай»
«Arman-PV»
ZIYAT
SANA
MAZMUNDAMA
Marfu
«Отбасы хрестоматиясы»
WIK HOUSE баспалары бар.  

«Кітап керуен – Ақтау» жәрмеңкесіне арнайы дайындалған автобус та қала көшелерін аралап, тұрғындарды рухани шараға шақырды.


Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

15-16 мамыр күндері өткен екі күндік жәрмеңке аясында кітаптарға арнайы жеңілдіктер ұсынылып, түрлі мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар әдебиет пен шығармашылықты дамытуға арналған секциялық отырыстар, жаңа кітаптардың таныстырылымдары мен тұсаукесерлері өтті. Атап айтқанда, жазушылар: Қанат Тілеухан мен Аслан Тілеген құрастырған «Атабаев лекциясы» кітабы, ақын Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» кітабының, ақын әрі жазушы Ақберене Елгезектің «Дардай» романының, жазушы Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке» кітабының, жазушы Мәрия Омардың «Ақбалжан» кітабының және Arman-PV баспасынан шыққан «Көшпенділер ойыны» танымдық энциклопедиясының таныстырылмдары болды. 

Жәрмеңкенің екінші күні Каспий теңізінің жағалауында жалғасып, сенбілік демалысқа шыққан халық сүйікті авторларымен кездесіп, суретке түсіп, кітаптарын қолтаңбаларымен алды. 

Фото: Ақтау қаласы әкімдігі