19 мам, 2026 сағат 10:43

Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» жобасы 2 миллиардтан астам қаралым жинады

Фото: Dimashnews.kz

Қытай мен Қазақстанның алғашқы бірлескен «Voice Beyond Horizon» жобасы халықаралық деңгейдегі ірі музыкалық телешоу ретінде көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Ult.kz.

Әлемдегі ең ірі медиахолдингтердің бірі саналатын қытайлық Hunan TV телеарнасымен бірге жүзеге асқан жобаның бастамашысы әрі атқарушы продюсері — Димаш Құдайберген.

Музыкалық шоу мен реалити-саяхат форматын біріктірген жоба 5 ақпан мен 23 сәуір аралығында эфирге шықты. «Voice Beyond Horizon» бағдарламасы Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген 8 орындаушыны бір арнаға тоғыстырып, Ұлы Жібек жолының мәдени үнін әлемге танытты.

Ауқымды түсірілім жұмыстары Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында өтті. Көрермендер көне Түркістанды, Бозжыра шатқалын, Каспий теңізі жағалауын, Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, сондай-ақ Бурабай ұлттық табиғи паркін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Жоба Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Mango TV платформасы мен Hunan TV арнасында, ал Қазақстанда Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көрсетілді.

Эфирлік кезең барысында бағдарламаның барлық 11 шығарылымы телерейтингте бірінші орынға көтерілді. Интернет платформаларындағы жалпы қаралым саны 2,36 миллиардқа жетсе, Mango TV сервисіндегі көрсеткіш 700 миллионнан асты. Сонымен қатар жоба 474 реттен астам ең көп талқыланған тақырыптар мен трендтер қатарына енген.

Бағдарлама Қытайдың басты партиялық басылымы People’s Daily тарапынан төрт мәрте жоғары бағаланып, Xinhua News Agency арнайы шығарылымына арқау болды. Жоба туралы 500-ден астам қытайлық жетекші БАҚ пен 200-ден астам шетелдік медиа кеңінен жазған.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба бес елдің 15 мемлекеттік және ведомстволық құрылымы тарапынан 50-ден астам рет аталып, ресми ұсынымдарға ие болған. Қатысушылардың өнер көрсету сәттерінен үзінділер цифрлық платформаларда миллионнан астам қаралым жинады.