15 нау, 2022 сағат 15:15

Кісі өлтіргені үшін 25 жылдан астам іздеуде жүрген ресейлік елордада ұсталды


Елордада жүргізілген жедел алдын алу шарасы барысында аса ауыр қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қылмыстық қудалаудан жасырынған ер адам 25 жылдан астам іздеуде болған. Анықталғандай, 51 жастағы сотталған 1997 жылдың тамыз айында Ресей Федерациясының Ростов облысында өзінің сыбайласымен екі азаматты өлтірген. Қылмыс көлікті иемдену мақсатында жасалған. 

Ұсталған азаматқа Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 2-бөлігі бойынша екі адамды өлтірді деген айып тағылып отыр. 

Қазіргі уақытта айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды, экстрадициялау мәселесі шешілуде. 

2022 жылдың 09-18 наурыз аралығында елордада ауқымды «Іздеу» операциясы жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласында операция басталғалы 20 қылмыскер анықталып, ұсталды, жоғалған алты азамат табылды.