02 қар, 2021 сағат 14:17

Кіші Талдыкөлдегі құстарды басқа жаққа жерсіндіру қарастырылып жатыр – министрлік


Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы Кіші Талдыкөлдің құстарын басқа жаққа жерсіндіру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан тұрғындары №71 мектеп маңындағы көлді көміп тастағанда ондағы құстардың үйлерге қарай қашып, ақыры қырылып қалғанын айтады. Қазір әкімдік Кіші Талдыкөлді де көміп жатыр. Биыл Талдыкөлге қоқиқаздар келді. Бұдан бөлек үйрек пен аққудың, басқа да құстардың жүргенін көрдік. Көлді осылай көме берсе, ондағы жануарлардың жағдайына кім жауапты? Қырылса, обалы кімде? Осы мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр», - деп сұрады тілші министрлік өкілдерінен. 

Бұл сұраққа Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғанбаев жауап берді. 

«Қазіргі уақытта білікті мамандар, ботаниктер мен зоологтар, орнитологтар біздің мамандармен бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарастырып жатыр. Өйткені арасында жыл құстары бар. Ол құстардың келетін орнын ауыстырып, басқа жаққа жерсіндірейік деген ұсыныстар айтылып жатыр. Ол ұсыныстардың бәрі зерттелуде. Нақты қорытындысы бойынша ақпаратты кейін береміз», - деді ведомство өкілі.