Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп бағалағаннан кейін әлем мемлекеттері вирустың таралуын тежеуге барын салып, ішкі қауіпсіздігін күшейтіп, айылын тарта бастады.
Жас немесе кәрі, бай немесе кедей деп бөлмей, қауіпті ошақта болған адамға оңай жұғатын коронавирус қазіргі таңда әлемнің жүзден астам еліне тараған. Біз бұл мақалада әлем елдерінің вирустың қауіпті жаңа түрінен қалай қорғанып жатқанын анықтап көрдік.
Коронавирус – атқа да, таққа да қарап тұрған жоқ
ХХІ ғасырда мемлекеттердің жан-жақты интеграциялық байланысы, сауда-саттық бойынша қарым-қатынасы коронавирус инфекциясының тез таралуына жол ашқан секілді. Коронавирус – атқа да, таққа да қарап тұрған жоқ. Ұлыбритания денсаулық сақтау министрінің орынбасары Надин Дорриске коронавирус диагнозының қойылуы, 74 жастағы Филиппин президенті Родриго Дутертенің күдікке ілініп, тест тапсыруы осыны аңғартса керек. Актер Том Хэнкс зайыбы Рита Уилсонмен бірге Австралияда коронавирусқа тапсырған сынамасының қорытындысы оң болып шықты. 63 жастағы Хэнкс пен оның зайыбы Квислендте суық тию белгілері пайда болған соң, медициналық көмекке жүгінген екен.
Коронавирус ойын-сауық орталықтары мен мәдени саланың жұмысына ғана емес, сонымен қатар спортқа да әсер етіп отыр. Вирус кеселінің биыл Токио Олимпиадасын кейінге шегеретін түрі бар. The Wall Street Journal Токио-2020 атқарушы комитетінің мүшесі Харуюки Такахаши Токио Олимпиадасын тоқтатқаннан гөрі екі жылдан кейін өткізген жөн деп жатыр. Сонымен қатар, ірі футбол оқиғалары да кейінге қалдырылды. Манчестер мен Арсенал командалары арасындағы ағылшын матчы тоқтатылып, Франция «ПСЖ» мен «Лион» арасындағы ел кубогының финалын кейінге шегерілген.
Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) матч басталар алдындағы қол алысу дәстүрлі шарасын өткізуге тыйым салғанын да атап өту керек. Ресми мәлімдемеге сәйкес, футбол ойындары алдында қол алысуға тыйым салу шешімі Еуропада коронавирустың таралуына байланысты қабылданған. Осы ретте, қарсылас команда мүшелері мен төрешілер УЕФА хаттамасымен міндетті болып келген шараны өткізбейтін болды.
«Реал Мадрид» клубы баскетбол командасының бір мүшесінен COVID-19 вирусы табылуына байланысты клуб түгелдей карантинге жабылды. Футболдан Испания чемпионаты – Ла Лига тоқтатылды. Лига Twitter аккаунты ресми мәлімдеме жасады.
Мемлекеттер мектептер мен кинотеатрларды жауып жатыр
Әлемдегі мемлекеттер әлеуметтік нысандармен бірге желдетілуі күрделі театрлар мен кинотеатрлардың жұмысын жаппай тоқтатып жатыр. Бұл шектеуден Қазақстан да тыс қалған жоқ. Коронавирустың 44 жағдайы тіркелген Польшада барлық мектеп мен университет жабылып, 12 наурыздан бастап мұражайлар мен кинотеатрлар екі аптаға жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы сол елдің Үкіметі мәлімдеді. Ондағы билік балалар мен мектеп оқушыларына үйде болуға, сондай-ақ қоғамдық көліктерден аулақ болуға шақырады.
Пандемия жарияланғаннан кейін Ливия, Үндістан және Кувейт те барлық кинотеатрды жабу туралы шешім қабылдаған. Сонымен бірге Таяу Шығыстағы көптеген ел инфекцияның таралуын болдырмау үшін қатаң шаралар қолдануда. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сауд Арабиясындағы барлық кинотеатр 12 наурыздан бастап жабылған.
Жоғарыда аталған елдермен қатар Үндістан билігі де бүкіл кинотеатрдың жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Ал Үндістанның Керала штатында оқу орындары мен кинотеатрлар, театрлар 31 наурызға дейін жұмыс істемейтін болды. Сонымен қатар, Чехия тұрғындары кинотеатрларға бара алмайды.Коронавирустың жаппай таралуы анықталған елдерде - Италия, Иран, Қытай, Жапония, Гонконг, сондай-ақ Францияның кейбір қалаларында ондаған мың театр жабылып қалған.
Коронавирус қазіргі таңда Еуропа елдерін есеңгіретіп тұр. Вирустың жаңа түрінен ең көп зардап шеккен ел – Италия. 11 наурызда Италияның Азаматтық қорғау ұлттық қызметінің басшысы Анджело Боррелли елде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асты деп мәлімдеді. Ал бүгінгі ақпаратқа сенсек, Италияда бұл аурудан мыңнан астам адам көз жұмған.
Италияның премьер-министрі Джузеппе Конте 10 наурыздан бастап ел ішінде жайылған коронавирусқа байланысты карантин шаралары кеңейтіліп, оның ішінде азаматтардың жүріп-тұруы шектелетінін мәлімдеді. Одан бөлек онда 3 сәуірге дейін елдегі барлық оқу орны жабылды. Бұған дейін барлық көңіл көтеру орындары, спорт клубы, сұлулық салоны, сондай-ақ тау шаңғысы курортын жабу туралы жарияланған болатын. Бүкіл Италия бойынша мәдени мекемелер жабық жатыр.
Ал 12 наурыздан бастап Италияда коронавирустың жылдам таралуына байланысты дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінен өзге сауда орындарының барлығы жабылып қалды.
6 наурызда Норвегияның Парламент төрағасы алдағы екі айға ел ішінде және шетелге жоспарланған барлық іссапарға тыйым салды. Норвегия билігінің алдын алу шараларының күшейтуінің жөні баршылық – екі тәулікте коронавирусты жұқтыру фактілерінің саны үш есеге артқан.
Чехияда коронавирусқа байланысты 30 күндік төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі уақытта республикада ауруды жұқтырғандардың саны 100-ге таяп қалған. Чехияда мектептердің бәрі жабылып, 30 адамнан артық жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынған. Елдегі барлық спорт залдар жабылып, елге кіруге және елден шығуға тыйым салынған. Барлар тек кешкі сегізге дейін ғана жұмыс істейді. Пандемияны есепке ала отырып, Чехия шетел азаматтарына берілетін шенген визасын беруді 14 наурыздан бастап тоқтатпақ.
Франция президенті Эмманюэль Макрон «коронавирусты кейінгі жүз жылдықтағы ең үлкен үрейлі эпидемияға теңеп», дүйсенбіден бастап елдегі барлық мектептер мен университеттердің жабылатынын мәлім етті.
Өзге елдермен бірге Жапония да қауіпсіздікті күшейтіп, коронавирус салдарынан Қытай азаматтарына берілген 2,8 млн визаның күшін жойды. Мәселе құрлықтық Қытай, Гонконг және Макао тұрғындарына қатысты болып отыр. Бұдан басқа, Жапонияға кіру визаларынан Оңтүстік Кореяның 17 мыңға жуық тұрғыны айырылады. Шаралар 9 наурыздан бастап күшіне енген.
Футболдан Англия премьер-лигасы чемпионатының басшылығы жаңа коронавирустың таралуымен күрес әдістерінің бірі ретінде 70 жастан асқан егде адамдарды лига матчына, стадионға кіргізуге тыйым салу туралы мәселені қарастыруда. Олар егде азаматтар жаңа коронавирус жұқтыруға тез бейім болып келеді деп санайды. Бұған дейін ағылшын премьер-лигасының (АПЛ) басшылығы коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында командалар ойыншыларына матч алдында қол алысуға тыйым салған еді.
Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо штатта төтенше жағдай режімін жария етті. Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген губернатор соңғы күндері штаттың медициналық билігі вирустың бар-жоғын анықтау үшін «агрессивті» тексеру жүргізгендігін атап өтті. Бұған дейін алдын алу шарасы ретінде ондаған адам мәжбүрлі түрде карантинге жатқызылған еді.
Ал Президент Дональд Трамп коронавирустың таралуына жол бермеу үшін АҚШ-тың Еуропамен арадағы кез келген қатынасы, сонымен бірге теңіз және әуе тасымалының 30 күнге жабылатынын жариялады. Трамп халыққа коронавирустың таралуына байланысты арнаған үндеуінде «қатаң, бірақ қажетті шектеулер» коронавирусты жұқтырудың 460 оқиғасы тіркелген Ұлыбританияға қатысты қолданылмайтынын айтты.
12 наурыздағы жағдай бойынша АҚШ-та коронавирус індетін жұқтырудың 1135 оқиғасы тіркелген, ауруға шалдыққан 38 адам қайтыс болған.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин болса ел астанасында 5 мыңнан астам адам қатысатын бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғаны туралы хабарлады.
Оның айтуынша, футбол және хоккей ойындарын қоса алғанда, спорттық іс-шараларға келушілерге де шектеу қойылады. Қатысушылар мен жанкүйерлердің саны 5 мыңнан аспауы керек.
Сәрсенбі күні (11 наурызда) Таиландтың ішкі істер министрі 18 мемлекеттің елге кіруіне виза беруді тоқтатқанын мәлімдеді. Бұған дейін 18 ел мен аумақтың азаматтары Таиландтың иммиграциялық пунктіне келе салып, виза алу үшін төлқұжат немесе жолаушы құжаттарын пайдалана алатын. Сондай-ақ министр Оңтүстік Корея, Италия және Гонконг азаматтары да виза ала алмайтынын айтып өтті.
Арменияда 13 наурыздан бастап барлық білім беру мекемелері және балабақшалар жұмыс істемейді. Ол сонымен қатар ел азаматтары сырқаттың қандай да бір белгілері пайда болған жағдайда дереу мамандарға жүгіну қажеттігі туралы кеңеске құлақ аса бермейтініне өкініш білдірді. Армения үкіметінің басшысы халықты сабырлыққа және елдегі жағдайды асыра айтпауға шақырды.
Сақтық шараларын Қазақстан да күшейтті
Орталық Азия елдерінде коронавирустың алдын алу бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Қазіргі уақытта біздің елде, Өзбекстанда, Тәжікстанда және вирус Қырғызстанда жұқтыру оқиғалары тіркелмеген. Алайда сонымен бірге вирустың таралмауы үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Тәжікстанда, Қырғызстанда, біздің елдегідей, билік бұқаралық орындарда, мешіттерде бұқаралық шараларды өткізбеу туралы шешім қабылдаған.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда қоғамдық іс-шаралардың тоқтатылатынын жария еткен еді. Сондай-ақ, елімізде мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шығатын болды.
Қазақстанда көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. «Біріншіден, 13 наурыздан бастап көпшілік іс-шараларды, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени шаралар, конференциялар, көрмелер өткізуге тыйым салынады. Екіншіден, денсаулық сақтау, білім беру объектілерінде және қоғамдық көпшілік орындарда, халықты қамтамасыз ету орталықтары, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, сауда, базарларда қоғамдық тамақтану, вокзалдар, әуежайлар, қонақүйлерде күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режим орнату. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынып, ол жерлерге күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізу. Каникул кезінде оқушыларға өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауға тыйым салу, қоғамдық көліктерді жуып, дезинфекция жасау. Орта білім беру орындары каникулға 2020 жылы 16 наурыз - 5 сәуір аралығында шығу, 16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО-лар қашықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтан жүргізуге ауыстыру қажет», - деді кешегі брифингте вице-премьер Ералы Тоғжанов.