08 қаң, 2021 сағат 18:54

Кинотеатрлар ашылып, жекелеген сыныптар мектептен оқиды - БҚО-да жаңа Қаулы

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 21 қарашадағы №34-ПГВр қаулысына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жаңа қаулы 11 қаңтардан бастап күшіне енеді.

2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап: 

- оқушылар саны 300-ге дейінгі қалалық және ауылдық мектептер сыныптағы бала санын 15-тен асырмай дәстүрлі форматта оқиды; 

- жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сынып аралығында, халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін ата-аналардың өтіні бойынша кезекші топтар құрылады. Сыныптағы бала саны 15-тен аспауы керек.

- оқу бітіретін сыныптар (9, 11, 12) аптаның 6 күнінде аралас форматта білім алады: пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, 30 пайызы қашықтан оқытылады. Бұл ретте, сыныпта 15 адамнан артық болмауы қажет. Әлеуметтік қашықтықты ұстану, 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша оқыту, бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30 пайызынан аспайтын адамның болуы, санитариялық-дезинфекциялық режимді, бетперде режимі қатаң сақталуы тиіс. 

Сонымен қатар. білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға, сондай-ақ екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін штаттық оқытуға рұқсат беріледі.

Бұдан бөлек, жаңа Қаулыға сәйкес кинотеатрлардың жұмысына рұқсат етілді. Тек ондағы адамдардың толуы 20 пайыздан аспауы тиіс.