30 мау, 2025 сағат 15:30

Киік санының артуы: Батыс Қазақстан фермерлері дабыл қақты

Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірдің фермерлік шаруашылықтарымен кездесіп, киіктердің ауыл шаруашылығына тигізген залалдары туралы өтініштерді тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Фермерлердің айтуынша, киіктердің саны күрт артып, егістіктер мен жайылымдарды таптап, аграрлық қызметке елеулі зиян келтіріп отыр. Жекелеген аудандардағы шығын жүздеген миллион теңгеге жетіп, бұл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруде.

Кездесуде «Жебе» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Зулкашев мәселенің күрделі екенін атап өтіп, шаруашылықтардың өмір сүруіне қауіп төніп тұрғанын жеткізді. «ECO Club» ЖШС директоры Бекжан Сабанов нақты шаралар қабылдаудың маңыздылығын айта келе, әлемде жабайы жануарлар популяциясын реттеу тәжірибесін мысалға келтірді.

Биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідіннің айтуынша, жануарлардың тығыз популяциясы экожүйеге кері әсерін тигізіп, жануарлар мен адамдарға да зиян келтіруі мүмкін. Оның пікірінше, ғылыми негізделген басқару әдістерін қолдану арқылы киік популяциясын реттеу қажет.

2025 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда киік саны 3,9 миллион басқа жетті, бұл 1974 жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Тек Батыс Қазақстан облысында киіктер саны 2,3 миллионнан асты.

Министр Ерлан Нысанбаев фермерлердің ұсыныстары мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, киік санын реттеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім ғылыми негіздерге, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Зоология институтының зерттеулеріне және басқа елдердің тәжірибесіне негізделді.

Киік популяциясын реттеу «Охотзоопром» кәсіпорнының күшімен жүзеге асырылады. Барлық шаралар халықаралық табиғат қорғау келісімдеріне және экологиялық заңнамаға сәйкес жүргізілмек. Сонымен қатар, зардап шеккен өңірлерде эпизоотиялық мониторинг пен қосымша ветеринариялық талаптарды сақтау қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қытай үкіметіне 1500 киік беру туралы шешім қабылдағанын жазғанбыз.