Киік санын реттеудің қосымша тәсілдерін зерделеу мақсатында түрлі зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі таңда киік Қазақстандағы тұяқты жануарлардың ең көп таралған түрі. Салыстыратын болсақ, Қазақстандағы басқа тұяқты жануарлардың бәрінің жалпы саны 200 мыңнан аспайды»,- деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министр жауабына қосымша берілген анықтамаға сәйкес, саны 2,6 млн болатын киіктен кейінгі екінші орындағы тұяқты жануар – бұғының саны 95,5 мың құрайды.
«Осыған орай, киік санын реттеу олардың ауыл шаруашылығына теріс әсерін азайтуға, биологиялық тепе-теңдікті сақтауға және азықтын жетіспеуі мен эпизоотия салдарынан жаппай қырылу қаупінің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, осы жылдың 10 ақпаннан бастап киік санын реттеу жөніндегі іс-шаралар тоқтатылды. Киік санын реттеудің қосымша тәсілдерін зерделеу мақсатында қазіргі уақытта ғылыми қоғамдастық оларды орнықты пайдалануға, эпизотиялардың пайда болу себептерін анықтауға және киіктердің ресурстарын қорғау және пайдаланудың ықтимал жолдары бойынша шаралар әзірлеуге бағытталған түрлі зерттеулер жүргізуде», - деді Олжас Бектенов.