25 жел, 2021 сағат 20:37

Хоккей: «Барыс» «Трактор» командасынан ұтылды


«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті матчында Челябі қаласында көш басындағы командалардың бірі «Трактормен» күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдын иелері Шығыс конференциясында 61 ұпаймен екінші орында тұрса, 40 ұпайы бар «Барыс» сегізінші сатыда келеді.

Бірінші кезеңнің тоғызыншы минутында «Трактор» сапынан Никита Тертышный есеп ашты. Арада минут өтер-өтпесте «Барыстың» екі бірдей ойыншысы айдыннан қуылғанын команда капитаны Лукаш Седлак мүлт жібермеді – 2:0.

Екінші таймда 35-минутта Л.Седлак есепті 3:0-ге жеткізді. Үш минуттан кейін «Барыс» сапындағы швециялық легионер Якуб Берглунд мергендік танытты.

Үшінші кезең басталысымен Антон Сагадев есепті 2:3-ке дейін қысқартып, «Барысқа» үміт сыйлады. Алайда матч соңында Теэму Пулккиненге қонақтардың бос қалған қақпасын көздеу қиындыққа түскен жоқ – 4:2.

Юрий Михайлистің шәкірттері келесі кездесуін 27 желтоқсан күні елордада негізгі қарсыластарының бірі, Шығыс конференциясында 9-орындағы «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өткізеді.