09 нау, 2021 сағат 07:23

ХОК Лукашенконың ұлын Беларусь Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы ретінде мойындамады

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Виктор Лукашенконы Беларусь Ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) жаңа төрағасы, ал Дмитрий Басковты атқару комитетінің мүшесі ретінде мойындамады. Ұйым Минск спортшыларды ел ішіндегі саяси кемсітушіліктен жеткілікті қорғай алмауына байланысты "көңілі қалғанын" мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz DW.com агенттігіне сілтеме жасап.

Осыған байланысты ХОК Беларусь ҰОК-пен тек бас хатшы Полина Головина арқылы ғана байланыста болады және ҰОК-қа қарсы 2020 жылдың желтоқсанында қабылданған санкцияларды сақтайды. Атап айтқанда, Беларусь спортшыларына стипендия мен Беларусь құрамасының Олимпиада ойындарына дайындалуына және оған қатысуына байланысты қаражатты қоспағанда, барлық қаржылық төлем уақытша тоқтатылады.

Сонымен қатар, Халықаралық Олимпиада комитеті Беларусьтің жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерін Олимпиада ойындары аясындағы іс-шараларға шақырудан бас тартатыны айтылған. "ХОК Атқарушы комитеті жағдайды бақылауда ұстайды және жағдайдың өзгеруіне байланысты кез келген әрекетті қарастыру немесе осы уақытша шаралардың кез келгенін жою құқығын өзінде қалдырады", - делінген хабарламада.

Александр Лукашенко ҰОК-ты 1997 жылдан бері басқарған. Ақпанның соңында Беларусь президентінің үлкен ұлы ҰОК басшысы болып тағайындалған еді. Виктор Лукашенко 2019 жылдың қарашасынан бастап ҰОК бірінші вице-президенті болған.

Қаңтардың ортасында Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) Минскіні шайбалы хоккейден 2021 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырған еді. IIHF шешім қауіпсіздікке байланысты шығарылғанын мәлімдеген. Ақпанда үш дүркін Олимпиада жүлдегері, Еуропа және әлем чемпионы, Беларусь спорттық ынтымақтастық қорын басқаратын Александра Герасименя Александр Лукашенкоға ашық хат жолдап, оны "жеңілісін мойындап, абыроймен кетуге" шақырған болатын.

Еске салайық, Беларусьте жеті айға жуық уақыт бойы президенттік сайлау нәтижелерін бұрмалауға қарсы жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр. 9 тамызда өткен сайлауда Александр Лукашенко қайта жеңген еді. Митингіге шыққандар билік нәтижені бұрмалады деп айыптап, жаңа, әділ сайлау өткізуді және саяси тұтқындарды босатуды, сондай-ақ қауіпсіздік күштерінің наразылық білдірушілерге қарсы озбырлығын тоқтатуды талап еткен.