13 қаз, 2016 сағат 09:59

«Хиджаб мәселесі» оқушының білім алуына кедергі болмауы тиіс

Соңғы жылдары мектеп үлгісіне, соның ішінде хиджабқа қатысты қоғамда қызу талқылаулар болғаны белгілі. Теологтар, білім саласының мамандары да, ата-аналар, дінтанушылар өз пікірлерін егжей-тегжейлі жеткізіп, түсіндіргендей болды. Көбінің ой-тұжырымы мектеп формасына қатысты дүрбелең туғызудың қажеті жоқ дегенге саяды. Расында, мектеп балаларына ортақ үлгідегі киім кию талабына сыңаржақ көзқарас ұстанудың реті жоқ. Ел халқы мемлекеттік жүйедегі қоғамда өмір сүріп, білім алып жатқан барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер жасауға негізделетінін ұмытпауы тиіс.

Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы қаңтардағы бұйрығына сәйкес, мектеп формасына қойылатын талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Сонымен қатар, ҚР «Білім туралы» Заңының 47-бабының 15-1-тармағында орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екені қадап айтылған.

Бұл ретте көктемге салым ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушылардың мектепте киетін формасына қатысты ұстанымын айтып берген болатын. Жалпы алғанда, ата-аналар Қазақстанда оқушылар үшін бірыңғай мектеп формасының енгізілуін құптап отыр. «Біз бұны қуана айтамыз. Ата-аналардың сөзі бойынша, форма балалардың сырт-келбетін көріктендіреді, тәртіпке салады, оқуға мән беруге ықпал етеді, балаларды теңестіреді. Оқушылар формасы олардың тұлғалық даралықтарын еш кемітпейді», - дейді ведомство басшысы.

Жалпы, мектеп киіміне қатысты қойылатын талаптар шектеулерді білдірмейді. Дегенменде кейбіреулер осы талаптар діндарлардың құқығын шектеп жатыр дегенді алға тартып, бұл өз кезегінде жұртшылық арасында түсініспеушіліктің туындауына ықпал етті. Алайда, осы мәселеде қоғамның назарға алатын тұсы - мектеп формасына түрлі конфессиялар тұрғысында киімнің ерекше нақыштарын қосуға болмайтындығы туралы орынды талап белгіленген. Демек, мектеп формасына қатысты талаптар «хиджаб киюді» ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді.

Осы тұрғыда дінтанушылардың пайымынша, «хиджаб мәселесі» білім алуға кедергі болмауы тиіс. Қазақстан Республикасы барлық азаматтарға, оның ішінде мұсылмандарға да, сенім бостандығына қатысты барынша жағдай жасап беріп отыр. Мектептен басқа жерлерде орамал тағуға тыйымның салынбағандығын естен шығармаған жөн. Парасатты ұрпақ білім мен рухани тәрбиенің тоғысуынан туындайды. Мектепте ортақ киім формасын қалыптастыру ұлт болашағы мен тұтас ұлттық сана-сезімнің дамуы үшін рухани қажеттілік болып табылады.  Мәселен, мемлекет таңдаулы бір діннің мүддесіне басымдық берсе, осы жайт басқа конфессияларды ұстанушыларға әділетсіздік болатыны анық. Ел халқы діни сенім бостандығына ерекше құрметпен қарайтын мемлекетіміздің талаптарына түсіністікпен қарауы тиіс.

Зайырлы мемлекет қызметінің, діни құндылықтардың бағдары мен талабының әр түрлі болуы қазіргі әлем елдерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Ал діни қағидаттар дінді ұстанушыларға ортақ міндеттер жүктейді. Осыған орай, Қазақстан қоғамында соңғы бірнеше жыл көлемінде екіұшты пікір қалыптастырып келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі − мектепте діни үлгідегі киім киюге қатысты ұстанымнан туындап отыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайларды ескере отырып, өзінің ресми ұстанымын жариялады. «Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені, елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған», деп атап өтілген басқарма мәлімдемесінде.

Қазақстанның кейбір діндар азаматтары мектеп жасындағы қыздарының киім үлгісі ортақ зайырлы оқу орындарында білім алуынан бас тартып, оларды діни оқу орындарына тапсырумен шектелмек. Мектеп ережесіне сәйкес белгіленген мектеп формасын кигізуден бас тартқан ата-аналардың өз қыздарын сабаққа жібермеу оқиғаларының орын алғандығы белгілі. Бұндай факттерге негізделе отырып, бүгінгі таңда қыз балалардың білім алуына «хиджаб» мәселесінің кедергі болып отырғандығын айта аламыз.

Ислам діні бойынша білім алу және мемлекет заңына мойынсұну – парыз болып табылады. Ел тұрақтылығы үшін руханиятты дамыту жолында асығыстық пен күйгелектікке бой бермей, ортақ тілге келіп, ынтымағымызды жаңғырта білгеніміз жөн. Сондықтан да ілім алмаған ұрпақтан ертеңгі күні қараңғы қоғам шығатыны ерекше назарда болғаны дұрыс. Қазақстан қоғамы осыны жақсылап түсініп алғаны мыңыздылыққа ие. Сондықтан да  Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талаптарын түсіністікпен қабылдаған абзал. ҚР Конституциясы мен заңдары азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар, олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап бергені түсінікті.

Қазақстанда адамның жеке басына ерекше мән беріп, оның білім алуына, денсаулығын сақтауға, жұмыс істеуіне, демалуына барынша жағдай жасалуы кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, елімізде балалардың мектепке барып білім алуы заңмен міндеттелген.

Жалпы, білім алу — Исламның ең басты құндылығы. Бүгінгі таңда мектептің киім формасы «хиджабқа» сәйкес келмейді деп, бүлдіршін сәби баланы Ислам діні парыз еткен ілімінен айыруға болмайды. 

Ұлт порталы