27 қар, 2023 сағат 16:13

Халық сайлаған ауыл әкімі қызметінен неге кетті – Павлодар облысы әкімінің жауабы

Фото: ortcom.kz

Павлодар облысына қарасты Атамекен кентінің таяуда ғана халық сайлаған әкімі қызметінен өз еркімен кетуге өтініш жазды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Павлодардың дәл жанында, 11 шақырым жерде Ленинск, қазіргі Атамекен кенті бар. Бірақ атауы ресми түрде әлі өзгерген жоқ. Қажетті шешім қабылданды. Сондықтан жақын арада рәсімдер аяқталғаннан кейін атауы ресми беріледі. Қазіргі уақытта ресми түрде Ленинск кенті деп аталады.

Расында да, әкім сайлауы тікелей халықтың қатысуымен өтті. Кейбір әкімдер қызметке басқа оймен келеді немесе халықпен тікелей жұмыс істеу, 24 сағат байланыста болу, халық үніне құлақ асу, көтерген мәселелерін шешу жұмыстарына шыдамай, өтініш жазып, орындарын босатады», – деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Атап өтуінше, әкімдердің қызметінен өз еркімен кетуі - бірінші рет болып отырған жайт емес.

«Атамекен кенті - 11 мың халқы бар Павлодар облысындағы үлкен ауылдың бірі. Әкімі «мұндай режимде, мұндай кестеде жұмыс істей алмаймын» деп өз еркімен өтініш  жазды», – деді Асайын Байханов.