Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов алдағы президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын халықтық коалицияға кімдер кіргенін айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Астанадағы коалиция форумында Мәжіліс спикері жақын арада бүкіл ел бойынша белсенділер мен қоғамшылдарды біріктіретін республикалық штаб құрылатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау науқаны барысында бірден бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттіке ұсыну туралы шешім қабылдаған.
"Барлығымыз әртүрлі ұйым мен партия өкіліміз, бірақ бәріміз бір тудың астында бірігіп отырмыз. Оның атауы - Әділетті Қазақстанды құру. Біз осы қадам арқылы дала демократиясының дәстүріне беріктігімізді көрсетіп, өткен ғасырларда ордалы Ордабасыда, қасиетті Қарақұмда, ұлт бесігі Ұлытауда шақырылған тарихи құрылтайлардың табиғи сабақтастығын жалғап отырмыз", - деді Қошанов.
Халықтық коалиция құрамына кіргендер:
Ұлттық еріктілер желісі, Қазақстанның азаматтық альянсы, "Қазақстан тен" жастар бірлестігі, Ардагерлер ұйымы, Қазақстандық спортшылар одағы, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі, Генералдар кеңесі және "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы, сондай-ақ үш парламенттік фракция - Amanat, Қазақстан Халық партиясы және "Ақ жол".