19 қар, 2021 сағат 12:33

ҚФФ Азамат Айтхожин қызметінен кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды

Азамат Айтхожин. Фото:kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бас хатшы Азамат Айтхожин желтоқсанда қызметінен кетуі мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Кейбір ақпарат көздері ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожин қызметінен кететіні туралы ақпарат таратты. Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Азамат Серікұлы жұмысын әдеттегідей жалғастырады", - делінген ҚФФ хабарламасында.

Сондай-ақ, ҚФФ баспасөз қызметі тек ресми дереккөздерге сенуге және федерация сайтындағы, әлеуметтік желілердегі ресми парақшада жарияланған ақпаратты бақылауға шақырады.

Бұған дейін БАҚ-та Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтхожин желтоқсанда қызметінен кетуі мүмкін екені хабарланған болатын.

Айта кетейік, Қазақстан жолдастық кездесуде Тәжікстанды 1:0 есебімен жеңіп, оған дейін 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Франциядан ойсырай жеңіліп қалды (0:8). Талғат Байсуфиновтің ойыншылары іріктеуді D тобындағы соңғы орында аяқтады.

Кейін Қазақстан футбол федерациясы мемлекет қаржыландыруынан бас тарту туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.