09 там, 2016 сағат 10:37

Кешегі ойынға айызы қанбаған жанкүйерлер билет ақшасын қайтара алады - «Барыс» клубы (Видео)

"ҚР Президент кубогы үшін хоккей турнирінің ресми ашылуы астаналық «Барыс» пен қытайлық «Куньлунь Ред Стар» командасы арасындағы ойынмен басталды. Алайда матчтың үшінші минутында Дамир Рыспаев төбелес шығарды. Онымен қоймай, қытайлық команданың бірнеше хоккейшісін соққыға жығып, запаста отырған ойыншылармен де жаға жыртысты. Сөз жоқ, бұл оның «Барыс» пен «Куньлунь» арасындағы жолдастық кездесу кезінде қарсылас команданың әрекеті үшін алған өші болды. Д.Рыспаев сол кездесуге қатысқан жоқ. Алайда кешегі ойында есесін толығымен қайтарды деуге болады", - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жолдастық ойында қарсылас команданың хоккейшісі «Барыстың» шабуылшысы Дастин Бойдты мұз айдынының бортына қатты соғып, жарақат салған еді. Осы соққыдан кейін Д.Бойд тұра алмады. Оны зембілмен алып кетуге тура келді. Содан «Барыстың» хоккейшілері ашуға мінді. Данияр Қайыров бірінші болып қарсыластың хоккейшісін соққының астына алды. Осыдан кейін Мадияр Ибрайбеков, Александр Липин, Константин Пушкарев, Никита Иванов пен Иван Кучин жаппай төбелес үшін айып уақытын өтеуге мәжбүр болды.

 

Ал кешегі ойында мұз айдынына шыққан Дамир Рыспаев алдымен словак Томаш Марцинконы шықшыттан бір беріп, нокаутқа жіберді. Медиктер оны зембілмен алып кетті. Осыдан кейін Дамир қытайлық команданың хоккейшілерін бір-бірлеп сабауға көшті.

 

Бас кезінде словак Томаш Марцинконың миы шайқалды деген ақпарат болды. Алайда кейін дәрігерлер ол мәліметті жоққа шығарды. Соған қарамастан, Құрлықтық хоккей лигасының басшылығы «Барыстың» қорғаушысы Дамир Рыспаевқа лиганың негізгі ойындары басталғанша турнирлерге қатысуға тыйым салды. Демек, Президент кубогы аяқталғанша жанкүйерлер Дамирді көре алмайды. Дегенмен, тамыздың 23-і күні басталатын Құрлықтық хоккей лигасының кезекті мауысымы аясында «Барыс» мен «Куньлунь» әлі талай рет кездеседі. Д.Рыспаев осы ойындарға қатыса алады.

Ал кешегі матчтан кейін «Барыс» хоккей клубының ресми хабарлама жариялады. Оған сәйкес, кешегі ойынға айызы қанбаған жанкүйерлер билет ақшасын қайтара алады, я болмаса, турнир аясындағы басқа матчқа айырбастауға болады. «Билетті алдағы үш күнде – 9,10 мен 11-і күндері "Барыс" арена кассаларында сағат 11:00-20:00 аралығында айырбастауға немесе ақшасын алып кетуге болады», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бүгін турнир аясында «Барыс» клубы «Мателлург» (Новокузнецк) командасымен кездеседі.

Арман АСҚАРОВ