23 ақп, 2024 сағат 12:33

Кептеліс: Алматы қаласына 357 бағдаршам орнатылмақ


Алматыда жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне 357 бағдаршам қосылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласының әкімшілік полициясы хабарлағандай, қазіргі уақытта 93 бағдаршам нысанын жүйеге қосу арқылы жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңғырту, қайта құру және дамыту бойынша жұмыстар аяқталды.

Екінші кезең аясында жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне 357 бағдаршам нысанын қосу жоспарланып отыр. Бұл жүйе қиылыстардағы жүктемені нақты уақыт режимінде оқуға және көлік ағындарын өзгертуге мүмкіндік береді.

Биыл сондай-ақ қосымша 30 шақырым велосипед жолдарын жасау жоспарланған.

Мегополистің әкімшілік полициясы мәлімдегендей, 2023 жылы 6060 жол белгісі орнатылып, ауыстырылған. 120 көшеге 305800 м2 жолды белгілеу сызықтары төселген. 34 қиылыс аймағында қозғалыс бағытының траекториясын көрсететін 1,7 жол таңбалау сызықтары сызылған, 65 көше қиылысында велосипед бағдаршамы орнатылған.