Фото:qazir.kz
Кентаудағы жылу орталығы 1934 жылы салынған, оны 14 мыңнан астам абонент тұтынып отыр,-Түркістан облысына қарасты Кентау мен Арыс қалаларының мәселелерін көтерген депутат Ұласбек Сәдібеков осылай айтты. Бұл туралы "Ұлт Ақпарат" тілшісі хабарлайды.
Депутаттың сөзінше Кендауда 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000 астам жеке сектордағы тұрғын үй және 106 бюджеттік мекеме мен 441 коммерциялық нысан бар екен. Ұласбек Сәдібеков жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозғанын айтып отыр.
"Соның салдарынан өткен жылғы қысқы маусымда кентаулықтар тоңып шықты. Сапалы жылуды тұтына алмады", -дейді ол.
Кентау қаласында 56 көп қабатты тұрғын үй ауласы бар екен, депутат солардың да проблемаларын көтерді. Ол 56 ауланың 33-іне балалар ойын алаңшасын салу қажет деп есептейді.
"Бұл мәселеге жергілікті бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан, әкімдік асфальт төсеу, балалар ойын алаңшасын орнату және абаттантыру мақсатындағы жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеп, республикалық бюджетке қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім ұсынған. Оның жалпы құны -2,8 млрд.теңгені құрайды", -дейді депутат.
Сонымен қатар депутат Сәдібеков Кентау мен Арыс қаласына қарасты ауылдарға қаражат жетіспегеннен табиғи газға қосу ісі кешеуілдеп жатырқанын, таза ауыз сумен қамту мен кәріз желілерін қайта жаңарту керектігін айтты. Сонымен бірге өңірде тұрғынүй мәселесі де бар екенін жеткізді. Кентаудағы тұрғын үй кезегінде 5000-нан астам адам, 10 000-нан астам адам жер кезегінде тұр екен.
"Осыдан біршама уақыт бұрын көтерілген Кентау қаласын экологиялық аймаққа өткізу мәселесі де кешеуілдеп жатыр. Бұл бағытта жинақталған құжаттар мен комиссия жұмысының қорытындысы Экология және табиғат ресурстар министрлігі тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсыру ұсынылған. Аталған министрлік «Арал өңіріндегі экологиялық салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Кентау қаласы аумағын экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ деп тану мәселесін шешуі тиіс. Ал, Бәйдібек ауданы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр", -деді ол.
Мәжілісменнің сөзінше бұл тек Кентау мен Арыс қаласындағы ғана жағдай емес, бүкіл моноқалаға қатысты мәселелер.
"Яғни, бізде шағын қалалардағы шешімін таппаған жағдайлар көп. Сондықтан «Моноқаларды дамыту бағдарламасын» қайта іске қосуды сұраймын. Сонда Кентау секілді қалалардың дамуына үлкен септігі тиер еді", -деді депутат.