30 нау, 2018 сағат 08:16

Кемероводағы өрт: Айыпталушылардың бірі ұсталды (Видео)

Кемеровода өртенген "Зимняя вишня" сауда орталығындағы "Кемеровский кондитерский комбинат" компанияның бас директоры Юлия Богданова ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін "Кемеровский кондитерский комбинат" компаниясының бас директоры Юлия Богданова ұсталды. Сауда орталығында өртенген ғимарат осы кәсіпорынға тиесілі. Тергеу барысында Богданованың өрт қауіпсіздігіне жауапты адам екені анықталды. Алайда Богданова қауіпсіздікпен емес, жаңа сауда орындарын жалға берумен айналысып келген. Өртке қарсы қауіпсіздік шараларын қабылдауға қатысты ешқандай әрекет жасамаған", - делінген РФ Тергеу комитетінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта тергеушілердің Богданованың үйін тінтіп жатқаны айтылады.

Осыған дейін Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Губернатордың айтуынша, қаза тапқан адамның отбасына 5 миллион рубль беріледі. Ал өрттен жеңіл жарақат алғандарға - 400 мың рубль, ауыр жарақат алғандарға - 800 мың рубль.

Айта кетейік, Кемероводағы "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандардың 41-і балалар екені хабарланған еді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 25 наурызда болған төтенше жағдайдан барлығы 64 адам қаза болған.