27 нау, 2018 сағат 09:24

Кемероводағы оқиғадан кейін Астанада өрт қауіпсіздігіне байланысты кеңес өтті

Елорда әкімдігінде сауда орталықтары мен адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі талқыланды, деп хабарланды Астана әкімдігінің ресми сайтында

Жиын барысында Астанадағы сауда, ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі қала әкімдігінің ұдайы бақылауында екендігі атап өтілді.

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгінде тәуекел деңгейі жоғары 117 сауда нысаны есепте тұр, оның 83-і сауда үйі, 9 - сауда, ойын-сауық орталығы, 25-і базарлар. 

2017 жылы арнайы тәртіппен 46 тексеру жүргізілген. Олардың барысында эвакуация жолдарының болуы, жарық беруші  электр желілерінің жағдайы, өртті анықтайтын автоматты жүйелердің жұмыс істеп тұруы, нысан ішінде және сыртта өртке қарсы сумен жабдықтау желілерінің болуы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының сақадай сай тұруы назарға алынды. 

Тоғыз ОСО-ның 6-ауы тексерілді. Үш орталықтан ереже бұзудың 32 фактісі анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке 3 адам тартылып, айыппұл салынды. 2 ОСО-да аудит жүргізілді, ал 1 нысанға  (Mega Silk Way Astana) тексеру осы жылы жасалады.

Биыл арнайы тәртіппен Астанадағы 50 сауда объектілеріне қатысты тексеру жүргізіледі. Тексеру кезінде қауіпсіздік техникалары ережесінің сақталуы, өрт сөндіру жүйесі мен хабарландыру, эвакуация схемасы мен апаттық шығу жолдарына баса мән берілмек.