19 қар, 2016 сағат 09:30

Келісіп пішкен тон келте болмас

Қостанайға Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шауашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған жұмыс тобы келіп, Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арнаған бағдарламасының тұжырымдамасын түсіндіруді, талқылауды мақсат еткен өңірлік семинар-кеңес өткізді.

Оған Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері, мамандар қатысты. Айта кету керек, бұл Үкіметтің қыр­күйек айындағы кеңейтілген оты­рысында Елбасының Үкімет­ке агроөнеркәсіпті дамыту бағ­дар­ламасын жасау жөніндегі тап­­сыр­масы болатын. Асқар Мыр­­зах­метов басқосуда жаңа бағ­дар­ламаның мақсаты мен мінде­тін түсіндіргеннен кейін, тұжы­рымдама жобасы таныстырылды.

Қазақстан мол астық өнді­реді, биыл, тіпті, жоғары көрсеткішке қол жетті. Мал шаруашылығы дамып келеді. Дегенмен, ауыл шаруашылығы, Елбасы теңегендей, еліміз экономикасының драйверіне айналуы үшін көптеген мәселелер шешімін табуы тиіс. Жеріміз ауыл шаруашылығы өнімдерінің қандайын өндіруге де жетеді, қолайлы да. Бірақ, соған қарамас­тан, азық-түліктің көптеген түр­лері­нің өндірісі әлі де төмен дең­­гейде. Сондықтан, олардың біра­зын сырттан тасуға тура келеді.

Мысалы, ет өнімдерінің – 33, сары майдың – 36, ірімшік пен сүзбенің – 42, шұжықтың – 45, құс етінің – 54, балықтың 67 пайызы өзге елдерден тасылады. Мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығы саласынан алынатын өнімдердің де экспортынан импорты басым түрлері жетерлік. Қанттың 97 пайызы сырттан келеді.

Өсімдік майының 38 пайызын, ас­тық­тың ортасында отырып, макарон­ның да 19 пайызын сырттан тасуға мәж­бүрміз. Ал көкөніс пен жеміс консерві­лерінің де 74 және 96 пайызына дейін импорттың үлесіне тиеді. Импортқа тәуелділіктен арылып, өнімдерді сыртқа шығару көлемін арттыру үшін ауыл шаруашылығында атқарар жұмыс та шаш-етектен. Оларды жүйелегенде, атқарылар істің механизмдерін белгілегенде ауыл шаруашылығы дамудың кібіртіксіз жолына түседі.

– Бағдарламаны жасау барысын­дағы талдау жұмыстары кезінде бізде астық­тың артығымен өндірілетінін, оның есе­сіне жем, арпа және құс етінің жетіс­пейтінін анықтадық. Сонымен қатар, ет, сүт, көкөністі қайта өңдеу және сиыр еті мен қой етін экспорттау төмен дең­гей­де, – деді  Асқар Мырзахметов. Ми­нистр ауыл шаруашылығын барынша әр­та­рап­тандыру бағдарламаның маңыз­ды ба­ғыттарының бірі екенін де айтып өтті.

Жобасы талқыланып жатқан бағдар­лама ауыл шаруашылығындағы мәселе­лерді шешу арқылы, ауылдың әлеумет­тік жағдайын да дұрыстауды көздейді. Мысалы, мал шаруашылығы тиімділігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40 пайызға көтеру бағдар­лама міндеттерінің бірінен саналады. Тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тартып, өндірілген өнімді өткізу, оны өңдеу жүйесін жасау үшін ауыл шаруашылығы кооперацияларын құруды міндеттейді.

– Бұл кооперациялар ешқан­дай да бұрынғы ұжымдық шаруа­шы­лықтарды жаңғырту болмайды. Бүгінгі шаруашы­лықтарға құқықтық, заңдық, қаржылық, экономикалық жағынан ешқандай нұқсан келмейді. Ет, сүт, көкөніс, картоп секілді күн­делікті керек азықтың 60-90 пайызына дейін жекелердің қосал­қы шаруашылықтары мен шағын фермерлік шаруашылықтарда өндіріледі.Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары шикізат тапшылығын сезінгеннен өз қуатының 25 пайыздан 60 пайызына дейін пайдалана алмайды. Ал ұсақ шаруашылықтар біріккенде өнімін зауыттарға кооператив арқылы өткізеді, оның жұмысы жандануы үшін мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау да ойластырылады, – деді бағдарлама жобасын таныстырған Өсімдік шаруашылығы өндірісі және өңдеу департаменті директорының орынбасары Б.Ілиясов. Кооперация арқылы тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушілер кеңінен тартылады, оларға мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен қолжетімділігі барынша қамтамасыз етіледі. Бұл іс экспорт­тық саясатты жүзеге асыру мен ор­ганикалық, таза өнімнің қазақстан­дық брендін жасауды бағытқа алады.

Семинарда субсидия мәселесі кеңінен сөз болды. Өсімдік шаруа­шы­лығында субсидияны гектарына берген дұрыс па, әлде өндірген өніміне қарай ма? Осы мәселе көп сұраққа өзек болды. Семинар-кеңесте үш облыстан жиналған ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен мамандар тыңдалды. Атақты «Иволга» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Ва­силий Розинов бағдарлама жобасына өз пікірін қоса отырып, ауыл шаруа­шылығындағы өздері кездестіріп жүрген проблемаларды атап өтті. Ауылдан жұрттың көшуі тоқтамай тұр, ауыз сумен қамтамасыз ету сын көтермейді, ауылға баспана салу керек, ауыл шаруа­шылығы мамандары жетіспейді.

Бағдарламаны талқылау мен түсін­діру барысында мал және егін шаруа­шылығындағы малдың жем­азығы, құрама жем зауыттарының қуатын арттыру, қажет жерлерде оны салу, жайылым, оны суландыру, ауыл­да­ғыларды кооперативке бірікті­руге барынша ынталандыру секілді көптеген мәселелер қамтылды. Ауыл шаруашылығы мен ауылдағы бір мәселені қозғаса, жүз мәселе басын көтереді. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың алдағы бес жылға арналған бағда­р­ла­масы тұжы­рымдамасының жобасын түсіндіру аудандар мен ауылдарда жүр­се құба-құп болар еді. Өйткені, ауыл шаруашылығы дамыса – ауыл гүлде­неді, экономика тек өндіріске қарамай қарыштап дамитын болады. Ал бағ­дарлама жобасында айтылған ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын жұмыстардың барлығы да ауылда алаңдап отырғандардың қолынан өтеді.

Министр өткізген семинар-кеңестен «Келісіп пішкен тон келте болмауы» үшін де талқылау-түсіндіру жұмыстары дұрыс қолға алынғаны білініп тұрды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ