ҚР Қаржы министрлігі 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстырды, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрдің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұловтың айтуынша, үш жылда әлеуметтік салаға 15,4 трлн теңге бөлінеді. Аталған шығыстардың басым бөлігі - әлеуметтік көмек қаржысы.
«Жалпы, үш жыл ішінде әлеуметтік қамсыздандыруға 9,5 трлн теңге бөлінеді. Соның ішінде 2019 жылға 3 трлн теңге жоспарланған. Бұның барлығы - әлеуметтік төлемдер. Ол ақшаға зейнетақы мен жәрдемақы төленеді. Соның нәтижесінде келесі жылы зейнетақының минималды мөлшері 36 108 теңге, ал базалық зейнетақының орташа көлемі 27 732 теңге болады. Осылайша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша зенетақының орташа көлемі 87 243 теңгеге дейін өседі. Ол 5 728 теңгеге артық», - деді Б.Шолпанқұлов Парламент Мәжілісінде.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға 2019-2023 жылдарға арналған экономикалық даму болжамын да таныстырды.
«2019 жылы мұнай бағасының бір баррелі 66,7 АҚШ долларын құрайды деген болжам бар. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнайдың бағасы 60 АҚШ доллары деңгейінде алынды. 2019 жылы жалпы ішкі өнім 3,9 процент деңгейінде, ал 2023 жылы 4,6 процентке дейін өседі. Аталған кезеңде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 4,2 процент болады деген болжам бар», - дейді Т.Сүлейменов.
Оның айтуынша, келесі жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64,1 трлн теңге болса, 2023 жылға дейін аталған көрсеткіш 86,9 трлн теңгеге дейін өседі. Осылайша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9,9 мың АҚШ долларынан 12,9 мың долларға дейін ұлғаяды.
«Орта мерзімді перспективада өнім өңдеу, агроөнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және қызмет саласы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болады. Мұнай өндіру көлемі 99 млн тоннаға дейін өседі. Экспорт көлемі 56,5 млрд АҚШ долларынан 68,5 млрд долларға дейін артады. Ал импорт 41,9 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Ұлттық банк инфляцияның жылдық көрсеткішін 2019 жылы 4-6 процент деңгейінде сақтайды. 2020-2023 жылы ол 3-4 процентке дейін төмендейді», - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.