16 қыр, 2022 сағат 11:58

Келесі Президент өзінің басқару мерзімін өзгерте алмайды - министр

© Sputnik / Владислав Воднев

Президентті жеті жылға және тек бір мерзімге ғана сайлау туралы Конституцияға енгізілетін бап өзгертілмейді. Бұл туралы Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Massaget.kz порталына сілтеме жасап.

"Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жыл және Президент тек бір рет сайлануы мүмкін деген Конституцияның ережесі өзгермейді. Келесі Президент те, кейінгі Парламент те бұл нормаларды өзгерте алмайды", - деп түсіндірді Мусин.

Ол Конституцияның 94-бабындағы 1-ескертпеде өзгермейтін нормалар жазылатынын түсіндірді. Онда елдің аумақтық тұтастығы, Қазақстанның егемендігі, басқару нысаны туралы ережелер жазылған. Енді мұнда президенттік өкілеттік мерзіміне қатысты түзетулер енгізіледі.

"Бұл норманы өзгерту мүмкін емес. Норманың өзгермеуін Конституциялық сот қадағалайды. Тиісінше, бұл Конституциялық соттың құрамына байланысты болмайды", - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар ол елорданың атауын кейін өзгертуге болатынын атап өтті.