01 қар, 2019 сағат 18:09

Келешекте әр облыс пен ауданда Оңалту орталығы болады - Сапарбаев

Қазіргі таңда 5 миллионға жуық қазақстандық әлеуметтік сала арқылы қамқорлық алады. Бұл туралы елордада «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік жұмысшысы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Байқауда Қазақстанның әр өңірінен келген 9 адам жеңімпаз атанды.

«Әрбір адамның мақсаты, арманы - қасындағыларға көмектесіп, олардың алғысын алып, жағдайын жасау. Әлеуметтік қызметкерлер еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көмектесіп, оларға уақытын, денсаулығын аямайды. Мен Қазақстан үкіметі атынан сіздерге үлкен рахмет айтам», - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

Ол мемлекеттің саясаты - әр уақытта халықтың жағдайын, тұрмысын жақсартып, әлеуметтік салаға көңіл екендігін айтты.

«Қазіргі таңда 5 миллионға жуық қазақстандық әлеуметтік сала арқылы қамқорлық алады. Биыл әлеуметтік салаға бөлінген қаражат 3,4 триллион теңге. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек. Келесі жылдан бастап әлеуметтік порталды іске қосатын боламыз. Сондағы ең негізгі мәселе - мүмкіндігі шектеулі азаматтарға керекті құрал-сайман, жабдықтарды мемлекеттік сатып алусыз алып беру», - дейді ол.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары барлық Қазақстанның әлеуметтік картасы дайындалғанын айтты.

«Соған қарап еліміздегі ең мұқтаж адамдарға көмектесеміз. Одан кейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға оңалту орталығын салу керек. Келешекте әрбір облыс, аудан орталықтарында сондай оңалту орталықтары болсын деген мақсатымыз бар. Елімізде 224 әлеуметтік жоба бар, бұл жобаны жеті жыл бұрын бастағанда 50 ғана жоба болған. Еңбек еткісі келген адамға елімізде қолдау және әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бар», - дейді ол.

2011 жылы ҚР Президентінің жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік жүйе қызметкерлерінің күні» болып бекітілген.