28 шіл, 2020 сағат 09:22

Келес ауданының тұрғыны үйінің жанынан заңсыз дәріхана ашқан

Келес ауданында құрамында полиция қызметкерлері, жастар орталығы және мүдделі орган өкілдері бар мобильдік топ бірлесіп, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды жоғары бағамен заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша кезекті рейдтік іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келес ауданы ауылдарының бірінде полицейлер дәрі-дәрмектерді заңсыз сату фактісін анықтады. Жергілікті тұрғын үйінің жанынан заңсыз дәріхана ашып, фармакологиялық қызметпен айналысуға тиісті лицензиясы жоқ бола тұра, дәрі-дәрмек сатумен айналысқан. Жалпы алғанда мобильдік топ сатушыдан 96 түрлі дәрі-дәрмекті (нистатин, мупобел, цилестердем, гидрокортизон және басқалар), барлығы 5 қораппен алды. Бұл жайт Келес АПБ-де тіркелді.

Жинақталған материалдарды полицейлер заңды шешім қабылдау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберді.

Түркістан облысының полицейлері карантин кезеңінде дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен заңсыз сатудың 50 фактісі анықтап, 5 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды тәркіледі.