26 сәу, 2022 сағат 11:00

Kcell-дің қаржы директоры 467 млн теңгені құмар ойындарына жұмсаған


Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті жалған қаржылық құжаттарды жасап, өз атына заңсыз аванс беру арқылы «Кселл» АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқырған «Kcell Solutions» ЖШС-нің бұрынғы қаржы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры 2018 жылдың ақпанынан 2021 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта 5 компанияның есеп шотына ақша аудару арқылы қаражат ұрлағаны, сондай-ақ өзіне жалпы сомасы 467 миллионнан астам теңгені құрайтын аванс бергені анықталды.

"Осылайша, ол «Кселл» АҚ-на аса ірі көлемде зиян келтіріп, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры ұрланған ақшаны Алматыдағы букмекерлік кеңселерде бәс тігіп, жұмсағаны белгілі болды.

Сот үкімімен азамат М.Шөкей Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, ол 10 жыл мерзімге қаржылық жауапкершілікпен байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды", - делінген хабарламада.