19 қаз, 2018 сағат 14:20

Қазпоштаның фулфилмент орталығы қолданысқа енді

Астана қаласында «Қазпошта» АҚ-ның ірі жобасы фулфилмент орталығы іске қосылды.

Алғаш іске қосылып отырған мұндай орталықтың басты ерекшелігі, интернет-дүкеннің иесіне тауарларды қабылдап, сұрыптап, сақтап және одан әрі иелеріне жеткізу сынды қызмет түрлері көрсетіледі.

Фулфилмент-орталығы Астана және Алматы қалаларында қызметтерін бастады.

Шара барысында Асқар Жұмағалиев «Қазпочта» АҚ-ның кәсіпкерлер үшін ашқан алғашқы фулфилмент орталығының ішкі тыныс-тіршілігімен танысты. Ол орталық тарапынан алдағы уақытта ел экономикасын айтарлықтай көтеретін нәтижелі көрсеткіштер күтетінін айтты.

«Сіздер білесіздер, шағын жəне орта кəсіпкерлікті Елбасының өзі қолдап отыр. Соның негізінде бүгінде салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сəйкес кəсіпкерлердің салық төлеуі жеңілдеді. Оның электрондық саудаға да қатысы бар, сондықтан үкімет сіздерден нəтижелі жұмыс күтеді. Ең бастысы, ел экономикасын дамытуда жаңа жұмыс орындарының ашылуы, бұл қуантарлық жағдай», – деп мәлімдеді вице-премьер.

Орталық кәсіпкерлердің тауарды иесіне жеткізуін жеңілдетіп қана қоймай, одан басқа қоймалармен, байланыс орталықтарымен, логистика және қызметкерлер құрамымен қамтамасыз ету шығынын айтарлықтай азайтуға көмектеседі.

«Интернет-сауда мәдениетінің дамуымен қатар, қазақстандықтардың оны жеткізіп беруге деген талабы да артты. Қазір біз жеткізу мерзімдерін қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, халықаралық курьерлік және логистикалық компаниялармен және пошта операторларымен ынтымақтастық орнаттық. Қазіргі күні жалпы ауданы 3 мың шаршы метрлік қоймада 20 интернет-дүкеннің 600 мың тауары сақталған. Жыл басынан бері 700 мыңнан астам жөнелтімдер өңделіп, тұтынушыларға жеткізілді» – деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов. 

Айтып өту керек, осындай орталықтар құру 2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында электрондық коммерцияны дамытудың жол картасында бекітілген.