02 мау, 2022 сағат 18:08

"ҚазМұнайГаздың" бұрынғы басқарушы директорына іздеу жарияланды


"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-тың бұрынғы басқарушы директоры Ибулла Сердіге іздеу жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

"Қаржы мониторингі агенттігі "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ бұрынғы басқарушы директоры, 31.01.1976 жылы туған Серді Ибулла Жұмағұлұлына іздеу жариялады.

Азамат Ибулла Серді адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін жымқырды деген күдікке ілінді.

Іздеудегі күдіктіні анықтаған немесе оның шамамен орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат алған кезде агенттіктің +7 7172 708 478, +7 7172 767 921 сенім телефондарына хабарлауды сұраймыз. Немесе Нұр-Сұлтан қаласы Бейбітшілік көшесі, 10 мекенжайы бойынша ақпарат беруге болады", - делінген хабарламада.

Ибулла Серді 1976 жылы 31 қаңтарда Маңғыстау облысында дүниеге келген. Инженер-экономист және мұнай-газ ісі мамандығын алған.

Ол 2003 жылдан бері газ саласында еңбек етті. 2009 жылдан бастап "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-да, 2016-2018 жылдар аралығында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-да жұмыс істеді.

Оның соңғы қызметі – "QazaqGaz" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы.