Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр.
Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда. Дегенмен көптеген сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы жалпы ахуал жақсарып, қайта өсім болып, пандемиядан кейін азаматтардың тұрмыс сапасының артуына мүмкіндіктер бар», - деді Президент еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте.
Тоқаев ақпаннан бері елге ПТР-анықтамасыз ұшып келетін жолаушылар саны екі есеге артқанын атап өтті. Егер 2020 жылдың қарагасында олардың үлесі 7,3%-і құраса, қазір 27%-ке жеткен.
"Салдарынан елде жұғу қаупі жоғары үш мутацияланған штаммның бар екені расталды. Аурудың таралуымен қатар ауыр және өте ауыр хәлдегі науқастар саны, сондай-ақ, өлім-жітім көрсеткіші ұлғаюда. Мұнымен қоса, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың, жабдықтардың жетіспеушілі байқалады. Орташа алғанда жансақтау бөлімдері 64%-ке ғана жасақталған. Денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс салмақ түсуі мүмкін. Осыған байланысты үкімет пен өңір әкімдеріне жансақтау бөлімдерін жасақтауға қатысты шаралар қабылдауды және бас дәрігерлер мен әкім орынбасарларының жеке жауапкершілігін бекітуді тапсырамын", - деді Президент.