Алматы облысындағы «Алматы-Жаркент» ақылы жолымен ары-бері жүріп өту - 15 мың теңге. Жүк көлігінің жүргізушілері әлеуметтік желіге осындай видео жүктеді. Оған «ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілдері жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жаркентке барып-қайту - 15 мың теңге. Ертең жаяу жүретін шығармыз. Жүк көлігімен ары 300 бері 300 шақырым жүру үшін 15 мың теңге төлеу керек. Енді не істемек керек?» – деді жүк көлігінің жүргізушісі. Желі қолданушылар бұл видеохабарламаның астына түрлі наразы пікір жазған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ баспасөз қызметінде бұл жағдай 3 шілдеде тіркелгенін растады.
«Жүргізуші Алматы-Қорғас ақылы жолына Байсерке маңынан 300 теңге төлеп кірген. 4 шілде күні жүк көлігі Алматыдан Жаркентке дейін жүріп өткен. Бір бағыттағы сомасы 7 350 теңге. 5 шілдеде Жаркенттен Алматы қаласына келген. Сомасы – 7 350 теңге. 15 тоннадан артық жүк артатын көлікке барлығы 15 мың теңге шыққан», деп ведомство өкілдері жауап берді.
