12 мам, 2021 сағат 09:13

Қазан мектебіндегі атыс: жантүршігерлік кадрлар жарияланды


РЕН ТВ телеарнасы 19 жастағы Ильназ Галявиевтің Қазандағы мектепке шабуыл жасаған сәтінен аудиожазба жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Аудиожазбаны сыныптардың бірінде жасырынған оқушы жазып алған.

"Сыныптың есігін жауып, үстелдің астында тығылып отырмыз", - дейді қыз, арғы жағында атыс пен жарылыс дыбысы естіліп тұр.


Сондай-ақ, Желіде атыс шыққан кезде сыныптың ішінде түсірілген видео пайда болды.

Кадрлардан оқушылардың парта астына қалай жасырынып жүргенін көруге болады. Видеоны гимназия оқушыларының бірі түсірген. Ашық тұрған терезелерден сирена дыбысы естіледі. Балалар үстел астында тығылып отыр.

Сонымен қатар, сыртта орналасқан бейнекамералар Галявиевтің мектепке қалай кіргенін түсіріп алған. Кадрлардан ер адамның ғимаратқа қаруын жасырмай кіргені көрінеді. Қосалқы оқ-дәрі салынған сөмкесі болған.

Видеодан қарулы Галявиевті ешкім тоқтатуға тырыспағанын көруге болады. Алдын ала мәлімет бойынша, мектепте күзет болмаған болуы да мүмкін. Мекеменің қауіпсіздік жүйесі туралы нақты деректерді тергеушілер әлі анықтап жатыр.


Еске сала кетейік, 11 мамырда Қазан қаласы Файзи көшесіндегі мектепте екі адам оқ жаудырған болатын.

Бұған дейін атыс кезінде 9 адам қаза тауып, тағы 21 адам зардап шеккені хабарланған еді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласындағы гимназияда ресейлік оқушылардың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Қайғылы жағдайға байланысты Татарстан Президенті Рустам Минниханов 12 мамырды республикада аза тұту күні деп жариялады.