Мемлекет басшсысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония премьер-министрінен өмір сүру ұзақтығының құпиясы неде екенін сұрады, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Астана клубымен өткен отырыс барысында Жапония премьер-министрімен болған кешкі ас жайында айтып берді. Нұрсұлтан Назарбаев Синдзо Абэден Жапония тұрғындарының өмір сүру ұзақтығының құпиясын неде екенін сұрады.
"Мен Жапонияда болдым. Жапония - өмір сүру ұзақтығы жөнінен көшбасшы ел. Онда өмір сүрудің орташа ұзақтығы - 80-85 жыл. Содан мен Синдзо Абэ мырзадан мұның құпиясы неде екенін сұрадым. Ол болса "Білмеймін, мүмкін біздің тамақтануымыздан болар" деп жауап берді. Осы сәтте біз кешкі аста шөптерді жеп отырған едік. Бірақ біз, қазақтар етсіз өмір сүре алмаймыз ғой. Енді ас мәзірімізде нені неге ауыстырамыз?", - деп күлді Қазақстан Президенті.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 6 қарашада Жапонияға ресми сапармен барған болатын. Мемлекет басшысы онда төрт күндей болды.